ШҰҒЫЛ! «Сазды сәлем!» сазды-құттықтау көңілашар бағдарламасы эфирге жол тартады Толығырақ

«РТРК «Қазақстан» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы

 

 

Бүгінгі «Қазақстан» РТРК АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының тарихы әріден бастау алады. 1958 жылы облыстық ұлттық депутаттар кеңесінің шешімімен Петропавлда телемұнараның құрылысы қолға алынды. Әрі техникалық және шығармашылық қызметкерлер үшін ғимарат бой көтере бастады. 1960 жылы наурыздың 1-нде шығармашылық ұжымды құру жөнінде алғашқы бұйрық қабылданған болатын. Дәл осы жылдың маусым айында облыстық телевидениенің тырнақалды бағдарламалары эфирге шықты. Телевидение телеридио тарату жөніндегі комитеттің құрамында болатын. Оған облыстық радио, телеорталық және телевидение студиясы енді. Комитет төрағасы қызметін Я.М.Грин атқарды. Телеорталықты И.И.Макаркин, телестудияны Е.Н.Маклаков басқарды.

Телеарнаның алғашқы хабарлары облыс көрермендеріне тек тікелей эфирде ұсынылатын. Шығармашылық ұжым қоғамдық-саяси ғана емес, әдеби бағдарламаларды жасау жолында еңбек етті. Петропавлға гастрольдік сапармен келген Мәскеулік үлкен опера және балет театры ұжымының өнерін, шағын драмалық театрлардың қойылымдарын және көпшілікке танымал болған ұжымдардың шеберлігін облыс жұртшылығы осы телеарна арқылы тамашалайтын. 1967 жылы телеарнаның шығармашылық ұжымы жерлес жазушы Иван Шуховтың романы негізінде «Ойын» фильмі түсірілді. Режиссері И.Маслов, операторы А.Аккерт.

1968 жылы студенттік құрылыс жасақтары туралы «Планета целины» деректі фильмі түсірілді. Авторы Л.Перехрест, режиссері О.Торопкина.

Ауыл еңбеккерлері арасында өткен «Золотой колос» байқауы Петропавл студиясының бастамасымен ұйымдастырылған еді. Дала жұмыстарының қорытындысы бойынша телеарнаның павильонында ауыл еңбеккерлеріне сый-сияпаттар тарту етілді.

Көрерменнің ықыласына бөлінген хабарлар ретінде телевизиялық «Софит» жастар клубы, «Северянка» әйелдер клубы, «Ақ отау» әдеби телевизиялық бірлестігінің бағдарламалары және «ЗУМ» балалар хабарын атап өтуге болады.

1972 жылы алғашқы ПТВС алынды. Осы техниканың көмегімен хабарлардың дені оқиға ортасынан эфирге берілді. Алғашқысы облыстық драмалық театрда өткен КСРО-ның 50 жылдығына арналған салтанатты жиналыс еді.

1982 жылы телеарна түрлі-түсті таратуға көшірілді. Павильондағы бағдарламалармен қатар түрлі-түсті киноөндірістің қыр-сыры да осы жылдары меңгерілді.

1990 жылдары жаппай телеарналарды коммерциализациялау дәуірі басталған кезде, студия ұжымы қаржы табу мақсатында қызмет етті. Белгілі бір мекемелер үшін ақылы фильмдер түсірілді. Тілші Бекмухамбетованың жетекшілігімен «СКВ Панорама» арнайы коммерциялық топ құрылды.

Телеарнаның Петропавл студиясы барлық телевизиялық байқауларға белсенді түрде ат салысты. Республикалық «Жұлдыз», Бүкілодақтық «Светофор» сынды конкурстар тілшілердің назарынан сырт қалмады.

Бүгінде «Қазақстан-Петропавл» облыстық филиалының өзіндік ойып алар орны бар. Эфир - тәулігіне 17 сағат. Көш басында «Сәлем, Қызылжар» таңертеңгілік ақпарттық - көңілашар, «Тікелей эфирде», «Мәслихат», «Личный кабинет» жастар бағдарламасы, «Айғаным» әйелдер тележурналы және басқа да бағдарламалар.