ШҰҒЫЛ! ОҢАЙ БАЙЛАНЫС ОРНАДЫ Толығырақ

ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ КӨРСЕТКІШІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

17:50, 15 мамыр 2019

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің 4 айлық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішімен танысты. Бұл орайда ауыл шаруашылығы, құрылыс салалары жоспарды асыра орындап, бюджетке келетін кірісті арттырып отыр. Алайда машина жасау саласы құлдырап, өзге кәсіпорындармен келесім-шартты енді жасаймыз деп ақталған.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев өткен 4 ай бойынша атқарылған жұмыстар мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды. Оның сөзінше қаңтар мен сәуір айларының аралығында өңір  37 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Бұл тұрғыда барлық ауданның көрсеткіштері жақсы, алайда Шал ақын ауданы ет өндіру бойынша соңғы орында келеді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Шал ақын ауданынын ауыл шаруашылығы кооперативінің өзге аудандардан қандай айырмашылығы бар? Ешқандай да. Бәрінде жағдай бір. Біздің мақсатымыз мал басын арттырып, ауылдағы адамдарды жұмыспен қамту, қайта өңдеу зауыттарын салып, субсидия беріліп жатыр. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар, еттің бағасы да жаман емес. Сіздер тек жұмыс істеп, мал басын көбейтулеріңіз керек.

Ет өндіру бойынша облыста  Қызылжар мен Тимирязев аудандары алда келеді. Сондай-ақ, сүт өндіруде Аққайың мен Тимирязев, ал жұмыртқа санымен Тайынша және Қызылжар аудандары көш бастап тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшеновтың сөзінше биыл өсімдік шаруашылығына да көп көңіл бөлінеді.

ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Бүгінде 10,5 млрд. теңгеге 791 техника сатып алынды. Былтыр тек 6 млрд. теңгеге алынған еді, яғни 4,5 млрд. теңгеге көп қаржы жұмсалды. Сәйкесінше осы 4 айдың ішінде инвестиция көлемі де  23,2 млрд. теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 143 пайызға артып отыр.

Машина жасау бойынша көрсеткіштер көлемі 27 пайызға төмендегенін айтқан аймақ басшысы бұл бағытта жұмыс істейтін Петропавлдағы 4 зауыттың екеуін сынға алды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Петропавл ауыр машина жасау зауыты осы күнге дейін тек 148 млн. теңгенің өнімін шығарған. Демек, 68 пайызға төмендеп кеткен. Ал ЗИКСТО зауыты да құр алақан отыр. Жұмыссыз отырмау керек, табыс болмаса жұмысшылар жалақысыз қалады. Сондықтан да бұл мәселені мен өз бақылауыма аламын.

Зауыт өкілдері мамыр айында бірнеше келісім-шартқа қол қойып, жағдай тұрақталады деп сендірді. Жиын барысында облыс әкімі құрылыс саласына да тоқталды. Петропавлдан бөлек, ауылды жерлерде жаңа үйлер салу бастамасы да қолға алынды. Биыл елді-мекендерде 450-500-ге жуық баспана салынуы керек. Бұл істі  кей аудандар бастап кетсе, енді бірі көш соңында жүр.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Бұл барлық адамдар үшін, аудандарда орналасқан құрылыс компаниялары үшін, жұмысшылар үшін жақсы мүмкіндік. 3-4 ай қарқынды жұмыс істеп, табыс таба алады. Кей аудандар жұмыс күшін таба алмай отыр. Мемлекеттен ақша бөлініп отыр, ал Сіздердің белсенділіктеріңіз байқалмайды.

Биыл өңірдің 40 ауылына таза су тарту үшін 544 млн. теңге бөлініп отыр. Жиын барысында қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов бюджеттің кірістері мен шығыстары жайлы есеп берді.

ЕСКЕН ӘКІМЖАНОВ, СҚО ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Жоспардағы 11 млрд. 680 млн. теңгеден облыс бюджетіне 15 млрд. кіріс, немесе 129 пайыз түсті. Асыра орындау 3 млрд. 390 млн. теңге. Облыстық бюджетке жоспардағы 4 млрд. 298 млн. теңгеден 5 млрд. 397 млн. теңге, немесе 125,5 пайыз түсті. Асыра орындау 1 млрд. 98 млн. теңге болды. Аудандық және қалалық жоспарларды барлығы орындады, Тимирязев ауданынан басқа.

Бюджетті орындау бойынша СҚО республика бойынша 5 орынға тұрақтаған.

Самат САПАРАЛЫ

Тақырып бойынша материалдар

ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КОМИССИЯЛАРДЫҢ ОТЫРЫСЫ
15:18, 27 маусым 2019
ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КОМИССИЯЛАРДЫҢ ОТЫРЫСЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

20:33, 15 шілде 2019
ПЕТРОПАВЛҒА 500 БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАСЫ ОРНАТЫЛАДЫ
Толығырақ...