ШҰҒЫЛ! ТҰРҒЫНДАР ЭЛЕКТРОНДЫ ҚЫЗМЕТ ТҮРІН ТАҢДАЙДЫ Толығырақ

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ АУДАНЫНА ЖАҢА ӘКІМ КЕЛДІ

17:53, 15 сәуір 2019

Ағзам Тастеміров - енді Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі. Өңір жетекшісінің бұл ұсынысын жергілікті депутаттар бірауыздан қолдап, жұма күні жаңа басшы жұртшылыққа таныстырылды. Еске салсақ, бұған дейін аудан тізгінінде болған Болат Жұмабеков облыс орталығының әкімі болып тағайындалған еді. Оның орнын басқан тәжірибелі басшыға аймақ жетекшісінің жүктеген міндеттерін бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жеткізді.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Петропавл қаласы әкімінің лауазымына Болат Серікұлы Жұмабеков аудан әкімі қызметінен босатылды. Ғ.Мүсірепов атындағы аудан әкімінің қызметіне Ағзам Ахметжанұлы Тастеміровтың кандидатурасын облыс әкімі ұсынады.

Бұл кандидатура Ғ.Мүсірепов ауданының халық қалаулыларынан қолдау тапты. Өйткені, Ағзам Тастеміровтың мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі орасан. Бұған дейін ол Ақжар мен Айыртау аудандарын табысты басқарған болатын. Ал өткен жылдың ақпанынан бері облыстық аумақтық инспекцияға жетекшілік етті. Енді оның алдында өңірдің ең үлкен ауданын басқару міндеті тұр.Бұдан соң аймақ жетекшісінің бірінші орынбасары жаңа басшыны аудан активіне  таныстырды. Таныстырып қана қоймай, Құмар Ақсақаловтың әкім алдына қойған тапсырмаларын жеткізді. Алғашқысы - көктемгі дала жұмыстарының уақытылы басталып, сапалы жүргізілуін қадағалау. Себебі, бұл науқан күзде қамбаға құйылатын астықтың мөлшеріне тікелей әсер етеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісіне қарқын қосу қажет, деді Марат Тасмағанбетов.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Ең алдымен, сіздің алдыңызда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін және экологиялық таза өнімдерді шығаратын кәсіпорындарды ашу міндеті тұр. Бұл үшін инвесторлармен тығыз жұмыс жасау қажет. Шаруаларға бордақылау алаңдарын құруға  көмектесу қажет. Экспорт пен саладағы жаңа әрі сандық технологиялардың үлесін арттырып, техника паркін жаңарту керек.

Жеңіл өнеркәсіп - дамытуды қажет ететін тағы бір сала. Ағзам Тастеміровке өңдеуші өнеркәсіптегі жаңа тың жобалардың жүзеге асуын қамтамасыз ету керек. Құмар Ақсақалов аудан әкімдерінің жұмысын халықтың табысы мен тұрмыс сапасына қарап бағалаймын деп бірнеше рет айтқан еді. Ғ.Мүсірепов ауданы бойынша орташа жалақы соңғы бір жылда 5 процентке өсіп, 98 мыңға жетті. Бұл - облыс бойынша екінші орын. Ауданның экс-әкімі Болат Жұмабеков бастаған бұл өсімді жаңа басшы жалғастыруы тиіс деді Марат Тасмағанбетов. Сондай-ақ, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтуды да ұмытпаған жөн. 

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Алдағы үш жылда Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес өңірдегі 94 елді мекенге тіршілік көзін тарту жоспарланған, жолдар да жөнделеді. Бұл шаруалар Ғ.Мүсірепов ауданында да атқарылмақ. Айта кеткен жөн, мұнда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары. Ауылдарды гүлдендіруде шаруалар мен кәсіпкерлер аса белсенді. Осы орайда Ағзам Ахметжанұлына олармен қоян-қолтық жұмыс жасауды жалғастыру қажет.

Тағы, өңірді дамытудың кешенді жоспарына сәйкес ел қазынасынан қаражат бөлініп, аудандағы ауылдарда біркелкі жер үйлер тұрғызылатын болады, сондай-ақ 11 мектеп күрделі жөндеу көрмек. Тағы бір жағымды жаңалық, Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимка селосы Н.Назарабаев бастау берген "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасына ілікті. Енді, елді мекенді гүлдендіруге қосымша ақша бөлінбек. Жаңа басшыға қаражаттың тиімді әрі мақсатқа сай жұмсалуын қадағалау қажет. 

АҒЗАМ ТАСТЕМІРОВ, Ғ.МҮСІРЕПОВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Қойылған Үкіметтің, Елбасының, Марат Иманбайұлы айтқан облыс әкімінің тапсырған жұмыстарын істеп, мақсаттарды орындаймын. Мен өз күш-жігерім, дәрежем арқылы ауданды дамытуға үлес қосамын деп білемін.

Ауданның бұрынғы әкімі Болат Жұмабековтің атқарған жұмысына ауылдағы ағайын жоғары бағасын берді. Ол тұрғындардың табысын сәл де болса арттырды, біршама абаттандыру шараларын да жүргізді. Енді бұл шаруаны ол шаһарда Петропавл қаласының әкімі ретінде атқаратын болады. Тиісті тапсырмаларды оған аймақ басшысының өзі жүктеді.

Саят ЕРМЕК

Тақырып бойынша материалдар

ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫ  ОБЛЫСҚА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН  КЕЛДІ
17:51, 25 сәуір 2019
ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАУАПТЫ Х...
Толығырақ...
ЖАҢА ТЕАТРДЫҢ ДИЗАЙН-ЖОБАСЫ КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАДЫ
20:50, 24 сәуір 2019
ЖАҢА ТЕАТРДЫҢ ДИЗАЙН-ЖОБАСЫ КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАДЫ
Толығырақ...
ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
17:50, 17 сәуір 2019
ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗА НЫҒАЙТЫЛУДА
15:14, 23 сәуір 2019
МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗА НЫҒАЙТЫЛУДА
Толығырақ...
ПЕТРОПАВЛДА ҚАҢЫРАҒАН ӨНДІРІС ОШАҚТАРЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУДЕ
17:56, 19 сәуір 2019
ПЕТРОПАВЛДА ҚАҢЫРАҒАН ӨНДІРІС ОШАҚТАРЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУДЕ
Толығырақ...