ШҰҒЫЛ! ПРЕЗИДЕНТТІҢ ГЕРМАНИЯҒА САПАРЫ Толығырақ

ЖОЛДЫҢ САПАСЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ

17:52, 20 мамыр 2019

Миллиардтап қаржы жұмсалатын жолды жөндеген компаниялар өз жұмысына 2 жыл емес, 3-4 жылға кепілдік беруі тиіс. Жол жөндеумен айналысатындардың жұмысын сынаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов жауапты тұлғаларға осындай тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, бұдан былау аудан, ауыл әкімдері мен жол-патрульдік полициясы шамадан тыс жүк тиеген жүк көліктерін тексеріп, заңбұзушылық орын алған жағдайда жүргізушіге айыппұл салады.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиын өңірдегі автожолдардың жағдайы мен ондағы жөндеу жұмыстарының сапасы жайынан басталды. СҚО республикалық маңызы бар 1468 шақырым жол бар және оны жөндеуге биыл ел қазынасынан 18,8 млрд. теңге бөлінген. Күрделі жөндеуі былтыр басталған Петропавл – Қорған тас жолы биыл да жалғасын тауып, тағы да 60 шақырым жол ретке келтірілмек.  

БОЛАТБЕК АЙТБАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ» СҚ СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:

- Биыл Петропавл мен Мамлютка қалаларының аралығында 29 және Мамлютка мен Жаңа жол шекара бекетіне дейін 31 шақырым жол жөнделеді. 2018 жылы екі участкеде 9,7 млрд.  теңге игерілді. Қазір құрылыс басында 262 техника мен 411 адам жұмыс істеуде және осы күнге дейін 387 млн. теңге жұмсалды.

Соңғы жылдары Қорған, Түмен және Омбы облыстарына апаратын  республикалық маңызы бар жолдардың асфальттары жаңалануда. Шекара асып, немесе өзге облыстан келіп істеп жүрген мердігер компаниялардың екеуі ғана біздің жерде заңды тіркеліп, жұмыс істеуде, қалғанының Солтүстік Қазақстанда филиалы жоқ. Сондықтан да жыл сайын 400 млн. теңгеге жуық салық қазынаға түспей келеді. Облыс әкімі бұл мәселені шешуді өзінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке тапсырды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Кім біздің облыс төңірегінде жұмыс істей тұра филиалы жоқ компанияларды көші-қон полициясы арқылы анықтау керек. Біздің жерде істелген жұмыстың салығы өзге өңірлерге кетіп жатыр. Сондықтан қомақты қаражатты жоғалтып отырмыз. Маған есеп бересіз.

Сондай-ақ, Құмар Іргебайұлы жолдарда өріп жүрген жүк көліктеріне де сын айтты. Олардың шамадан тыс жүк тиеуіне байланысты тас жолдар тез тозады. Облыс әкімі ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін пайда табамын деп, көп зиян келтірмеуді сұрады. Бұл мәселені енді аудан, ауыл әкімдері мен жол-патрульдік полициясы қадағалайтын болады. Жөнделген жолға 2 жыл кепілдік беріп келген компаниялардың жұмысы да қатаң бақылауда болады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Барлық құрылыс жұмыстары бойынша кепілдік мерзімі ұзартылуы тиіс. Жөнделген жолға кем дегенде 3 жыл кепілдік болуы тиіс, сонда олар сапасына назар аударады. Құрылыс материалдарына, бурсчаткалар 3-4 жыл жарамды болуы керек, ал біз оны жыл сайын ауыстырып жүрміз. Керек болса заң жүзінде қабылдайық бұл мәселені.

2017 жылы Саумалкөл – Новоишим, Астраханка – Смирново – Алексеевка, Келлеровка – Южное, «Солнечный вип» демалыс орнына кіре беріс жолдарын жөндеуде олқылықтар табылған. Сондықтан да құрылыс саласына бақылауды күшейту керек.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Петропавлда 3 жылда 360 аула асфальтталды, биыл тағы 60 аула жөнделеді. Бірақ 2018 жылы «Казфортес» серіктестігі бірнеше аулада сапасыз жұмыс істеген. Алайда дәл осы компания биыл тағы да жұмыс істеп жатыр. Неге? Сапасыз істегені анықталды, олар биыл жүмыс істемеуі керек еді, жоқ, тағы басқа участкелерді алыпты. Кепілдік мерзімі қанша, 1 жыл ма? Ол қандай мерзім? 5 жыл кепілдік берсін, осы уақыт ішінде асфальт бұзылды ма қайта істесін. Сонда ойланатын болады, сапалы жұмыс істейді.

Жалпы облыс көлеміндегі жолдардың 61 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда дейді мамандар. Бұл республикалық көрсеткіш бойынша 11 орында деген сөз.

Самат САПАРАЛЫ

Тақырып бойынша материалдар

ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КОМИССИЯЛАРДЫҢ ОТЫРЫСЫ
15:18, 27 маусым 2019
ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КОМИССИЯЛАРДЫҢ ОТЫРЫСЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

АЙЫРТАУ АУДАНЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР
13:01, 3 желтоқсан 2019
АЙЫРТАУ АУДАНЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР
Толығырақ...
ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ
17:55, 5 желтоқсан 2019
ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ
Толығырақ...
ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТ БАСТАЛДЫ
13:08, 5 желтоқсан 2019
ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТ БАСТАЛДЫ
Толығырақ...