ШҰҒЫЛ! ӨҢІРДІҢ 92 ЕЛДІ МЕКЕНІН СУ БАСУЫ МҮМКІН Толығырақ

ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ

20:39, 25 қараша 2019

2011 жылдың 10 желтоқсанында Парламент Сенаты мерекелік күндер күнтізбесіне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні мерекесін енгізу бойынша шешім қабылдады. Биыл осы мерейлі датаны атап өтіп келе жатқанымызға 7 жыл болады.  Мереке қарсаңында Нұрсұлтан Әбішұлының құрметіне еліміздің музейлерде арнайы залдар ашылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде елбасына қатысты қандай жәдігерлерді көруге болады? Оны әріптесім Майгүл Сейілбек тарқатсын.

Зал алты бөлімнен тұрады. Мұнда Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі әр түрлі кезеңдерде көрсетілген. Барлық жәдігерлерді музей мамандары  ұзақ уақыт жинаған. Бұл жердегі фотосуреттер мен бейнежазбалардан елбасының балалық шағын, Днепродзержинскідегі техникалық училищедегі студенттік жылдарын, Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия комбинатындағы еңбек жолын және Теміртау қалалық комсомол комитетінің хатшысынан Қазақстан Республикасының Президентіне дейінгі өмірі жайлы егжей-тегжей білуге болады. Экспозициядағы маңызды орындардың бірі Елбасы отбасына берілген.

ЖАНСҰЛУ БЕКЕНОВА, ЭКСКУРСИЯНЫ ЖҮРГІЗУШІ:

- Қазақ халқында «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген жақсы сөз бар. Елбасымыз ата-бабаларының шежіресін бала кезінен білген. Ол кісі Шапыраштыдан, Есқожа, Қарасай батырдан тараған. Қарасай мен Ағынтай батырлар дос болған. Оларға арналған мемориалдық кешен бар. 

МАЙГҮЛ СЕЙІЛБЕК, ТІЛШІ:

- ҚР Тұңғыш Президенті залындағы ерекше жәдігерлердің бірі ол мына елбасының бейнесі салынған портрет болып табылады. Бұл портретті 2012 жылы жерлесіміз Александр Шимов тарихи-өлкетану мұражайына сыйға тартқан екен. Бұл суреттің ерекшелігі сіз Нұрсұлтан Әбішұлына қай жақтан қарап тұрсаңыз да бұл кісінің көзі сізге де қарап тұрады. 

Бұл жерде мемлекетіміздің Тәуелсіздік нышанына айналған жаңа елорданының, сұлу Астананың, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының құрылысы туралы баяндайтын экспонаттар да аз емес. Сонымен қатар, залда Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірге жұмыс сапарымен келу сәттерінен түрлі фотосуреттер мен маңызды құжаттарды көруге болады.  

ЖАНСҰЛУ БЕКЕНОВА, ЭКСКУРСИЯНЫ ЖҮРГІЗУШІ:

- Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев туралы бірнеше түрлі фильмдер, кітаптар да басылып шыққанына қарамастан, жастар, оқушылар және егде жастағы адамдар елбасының өміріімен жақынырақ танысу үшін келіп тұрады. Арнайы ұйымдастырылатын экскурсияларға жұрт көп келеді.

2012 жылы ашылған залда қазіргі таңда 200 ден астам түрлі жәдігер бар. Қала тұрғындары мен қонақтары облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, елбасына арналған көрмені тамашалай алады.

Майгүл СЕЙІЛБЕК

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ТЕКСЕРІЛДІ
17:57, 24 ақпан 2020
ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ТЕКСЕРІЛДІ
Толығырақ...