ШҰҒЫЛ! 6 АУДАН ЕГІН ОРАҒЫН АЯҚТАДЫ Толығырақ

ОБЛЫСТЫҚ АҚЫНДАР МЕКТЕБІНЕ 1 ЖЫЛ

20:49, 15 мамыр 2018

Жергілікті  ақындар мектебі «Теріскейдің жас толқыны» атты бір жылдық есеп беру кешін өткізді. Шын өнердің тұнығын бағалайтын, бағасын түсінетін жандар жиналған осы салтанатты кешке, басқарма басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, жас ақындардың қаламына қарымдылық тіледі.

Ақындар мектебі - бойында ақындық қабілеті бар, өлең-жырға құмар оқушыларға өткен жылдың қыркүйек айында өз  есігін айқара ашқан болатын. Сол уақыттан бері өлең өлкесіне өзінше қанат қағып, қалам тербетіп, ақын аға-апаларының жолын қуған 40 жас ақынды бір арнаға біріктірді. Тәлім алушылар    Жарқын Жұпархан, Таңат Бейсенбаев, Аманжол Зағыпар, Фархат Тастамбек, Дәстен Баймұқанов, Нұргүл Оқашевадан бес бағыт бойынша дәріс алып, өз өнерлерін дамытқан.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, ОБЛЫСТЫҚ АҚЫНДАР МЕКТЕБІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ

Бүгінгі әдеби-сазды кеш төрт бөлім бойынша ұйымдастырылған. Мәнерлеп өлең оқу, жазба ақындар, айтыс, монолог және поэзия. Шара барысында мектеп шәкірттері балғын өлеңдерін оқыса, жас әншілер термеден шашу шашты.

Қалалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Дилфуза Қайырбекқызы  бала кезінен өлең шығаруға əуес болған. Шығармашылыққа жаны құмар ол бүгінгі кеште «Көңіл көктемі» деп аталатын өз туындысын көрермендерге паш етті.

ДИЛФУЗА ҚАЙЫРБЕКҚЫЗЫ, ОБЛЫСТЫҚ АҚЫНДАР МЕКТЕБІНІҢ ТӘЛІМГЕРІ

«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, бұл мектептің ашылу мақсаты - жастарды айтыс өнеріне тарту, тәрбиелеу, дұрыс бағыт-бағдар беру, қазақтың төл өнерін дәріптеу. Айтыскер ақынның тіл тазалығы, жан-жақты білімді болуы маңызды. Жас ақындарымыздың, ең алдымен, жүрегінде иман болса, халықпен бір болып, өзін жоғары қоюдан аулақ  болса екен, - дейді Тоқтар Зікірин ақынға қойылатын негізгі талаптар жайлы пікірін ортаға салып.

ТОҚТАР ЗІКІРИН, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ

Шығармашылық мектеп жастардың мемлекеттік тілдегі қарым-қатынасын кеңейтіп, тілдік мәдениетті жоғарылатуға, жаңадан бастап келе жатқан ақындарды сахнаға шығаруға мол мүмкіндік бермек.

Арайлым ӘЛІБИҚЫЗЫ

Тегтер: Петропавл жаңалықтары мен оқиғалары, Солтүстік Қазақстан облысының соңғы жаңалықтары, Петропавлдағы соңғы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар