ШҰҒЫЛ! ТӘРТІПКЕ БАҒЫНБАҒАНДАР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ Толығырақ

ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ – МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ

13:08, 15 мамыр 2020

Бүгін халықаралық отбасы күні. Бұл мейрам елімізде 2013 жылдан бері аталып келеді. Өңірде көпке үлгі өнегелі үйелмендердің қарасы қалың. Оның қатарында Шалабаевтар әулеті де бар. Ерлі-зайыпты Қарақат пен Ермек бар өмірін ұстаздыққа арнаған жандар. Қазір мұғалімдер зейнет демалысында. Мереке қарсаңында үлгілі отбасымен әріптесім Нұрбол Балғабеков тілдесіп қайтты. 

Отағасы Қарақат Шалабаевтың ұстаздық жолы 1965 жылы басталды. 1999 жылға дейін Жамбыл ауданында қазақ тілі және әдебиет пәнінен сабақ берген азамат қарапайым мұғалімнен мектеп директорына дейін көтеріледі. Кейін Қызылжар ауданы Бескөл ауылына қоныс аударып, Петропавлдағы С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда зейнет жасына дейін қызмет етті. Ардагер ұстаздың жалпы еңбек өтілімі- 46 жыл. Осы уақыттың ішінде мыңдаған шәкіртке тәлім-тәрбие берді, 

ҚАРАҚАТ ШАЛАБАЕВ, АРДАГЕР ҰСТАЗ:

-  «Мұғалімдікті таңдауыма себепкер болған, қазақ енді айтады ғой аға қарап, іні өседі деп. Менің немере ағам тамаша педогог еді. Қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалім болатын. Шын мәніндегі ұстаз еді. Сол ағаға еліктеген болуым керек. Сол әуелді қазақ тілі әдебиет пәнің таңдауым, мұғалімдікті таңдауым сол себептен.»

Қарақат Шалабаев жарымен мектепте танысыпты. Бүгінде құдай қосқан қосағымен 50 жылдан астам уақыт бойы тату тәтті өмір сүріп келеді. Жұбайы Ермек Рысқылбекқызы да мұғалім. Талай оқушыны қанат қақтырды. Екеуі 3 қыз өсірді. Балаларынан 6 жиен сүйіп отыр. Қазір  қос ұстаз құрметті зейнет демалысында. Үй шаруасын бірге тындырып, барлығын ақылдасып істейді. Отанасының сөзінше, адамгершілік, өзара түсіністік пен сүйіспеншілік отбасыны берекелі етеді.

ЕРМЕК ШАЛАБАЕВА, АРДАГЕР ҰСТАЗ: 

«Қарақат ағаңыз сіздің мінезі бір кішкене ашуланып қалатын кез-келген адамда мінез болады ғой ондай бар. Бірақтағы мен оны терең ашуландырмаймын мен. Ақырын ғана тілін табам. Жұмсатып алам. Алдап-сулап балаларымыздың алдында мінезімізді көрсетпейміз еш уақытта. Қатты ренжісек, бірімізге-біріміз қараймыздағы мінезбен білдіртеміз де тезірек жинала қоямыз.»

Қазіргі таңда ерлі-зайыптының 3 қызы да білім беру саласында еңбек етеді. Тіпті, жиені Балбота да ұстаздықты таңдапты. Атасының жолын қуып, Қостанай мемлекеттік педогикалық институтында білім алған. Қазіргі таңда М. Жұмабаев атындағы гумантиарлық колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп лицейінде қазақ тілі және әдебиет пәнінен сабақ береді.

БАЛБОТА АЮПОВА,  ҰСТАЗ:

- «Жұмыс бабымен көп жағдайда өте жақсы ақыл-кеңесін айтып отырады. Осы үйден бүкіл көркем әдебиет табылады. Сондықтан оқуға керек оқу әдістемелік құралдар болсын, сынып сағатын жоспарлау болсын бәрін мен ата-әжеме хабарласып, ақылдасып, осы үйдегі кітаптарды өзім алып кетіп сондай көмектері жақсы тиіп жатыр.»

Қарақат Шалабаев «Ән- жыр тұнған гүл төбе», «Ауылым Сұлуқия жағасында» атты кітаптардың авторы. 2000 жылдан бері Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеп келе жатқан жан. Бос уақытын тиімді өткізуге тырысады.  Көп кітап оқиды. Ізденеді. Домбырамен ән айтуды ұнатады. Сүйікті әндерінің бірі Абайдың «Көзімнің қарасы» әні.

Ал, Ермек Рысқылбекқызы тігіншілікпен айналысады. Түрлі ою салып қазақтың көрпелерін тігеді. Жасаған дүниелерін туған-туыс, жақындарына сыйға тартады екен. Өнегелі отбасы - демалыс және мереке күндерін тағатсыздана күтеді. Өйткені осындайда жан-жақтан балалар жиналып, үй жанға толады.

Нұрбол БАЛҒАБЕКОВ

Тақырып бойынша материалдар

ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯ МАУСЫМЫН ОНЛАЙН АЯҚТАДЫ
17:28, 26 мамыр 2020
ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯ МАУСЫМЫН ОНЛАЙН АЯҚТАДЫ
Толығырақ...
МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
20:35, 22 мамыр 2020
МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Толығырақ...
УӘЛИХАНОВ АУДАНЫНЫҢ 403 МАЙДАНГЕРІ  ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ТАБЫЛДЫ
17:18, 19 мамыр 2020
УӘЛИХАНОВ АУДАНЫНЫҢ 403 МАЙДАНГЕРІ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ТАБЫЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар