ШҰҒЫЛ! КӨКШЕТАУДЫҢ КӨРКЕЙГЕНІ – ЕЛ ҮШІН МАҢЫЗДЫ Толығырақ

ШЕШЕН ХАЛҚЫНЫҢ БРЕНДІ

13:04, 21 қазан 2019

Шешен ұлтының бренді. Өңірімізге гастрольдік сапармен Шешен республикасынан «Вайнах» мемлекеттік би ұжымы келді. Ансамбльдің алтын қорындағы билерді тау халқы солтүстікқазақстандық өнер сүйер қауымға ұсынды. Концерттік бағдарламаны тамашалаған арна тілшісі баяндасын.

Шымылдық ашыла салысымен, вайнахтар ырғақты музыкаға елітіп, екпіндете билей жөнелді. Қызуқанды жігіттер мен сұлу назды қыз-келіншектер әуенге ілесіп, асқан ептілік пен зор күш-қайраттың, шеберліктің үлгісін көрсетті. Қимыл-қозғалыс, ым-ишарат арқылы  біріне-бірі қолдау береді.  Жігерін жанып, еңсесін көтереді.

Көркемдік жетекшілері бір минуттық қойылымға шағын оқиғаны сыйдыра білген. Шешен ұлтының ырғақты биін көрген көрермен жай отыра алмады. Делебесі қозып, көзінде от ойнады.   

Тау халықтарының билері өмірдің нақ өзін бейнелейді. Қылыштасу, қызға таласу сынды көріністер бидің негізін құрайды. Қыздары кербез. Еңсесін тіктеп, сыланған оларды көрермен көлде жүзген аққуға ұқсатты. 

Шешен Республикасы ұлттық мәдениетін жоғары бағалайды. Әсіресе, биді дәріптеп, дамыту жағын жолға қойған. «Вайнах» ансамбліне арнап Грозный қаласында бөлек ғимарат қалап берген. Ал аталмыш ұжым тоқмейілсімей, әрі қарай дамып, репертуарындағы сан алуан шығармаларын түрлендірген. Биыл «Вайнах» мемлекеттік би ансамблінің құрылғанына 80 жыл толды. Мерейтойға орай жергілікті билігі ұжымның гастрольдік сапарына қыруар қаражат бөліпті. Өнерпаздар ел-елді аралап 70 қалада өнер көрсетпекші. Ұлтының қадір-қасиетін, төл өнерін ұлықтаған өнерпаздарға өзге мемлекеттің азаматтары тік тұрып, қошемет көрсетті.

АДАМ АБУБАКАРОВ, «ВАЙНАХ» МЕМЛЕКЕТТІК БИ АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ:

- 10 күн болды гастрольдік сапарға шыққанымызға. Біраз қалада болдық. Барған жерде көрермендер зор қошемет көрсетуде. Тау халқының мәдениетін мейлінше көп адам білсе деген ниетіміз бар. Біз жастар аянып қалмаймыз.

Гастрольдік сапарға 50 шақты биші шыққан. Ансамбль құрамында жасөспірімдерден бастап 35 жастағы жігіттерге дейін бар. Бишілер бізден кейін Павлодар сахнасында өнер көрсетпекші. Кейін Ресейдің қалаларына бағыт алады. 

Берік ҚАСЕН

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ТҮМЕНДЕГІ ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНА 200 КІТАП СЫЙҒА БЕРІЛДІ
13:07, 12 қараша 2019
ТҮМЕНДЕГІ ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНА 200 КІТАП СЫЙҒА БЕРІЛДІ
Толығырақ...