ШҰҒЫЛ! АБЗАЛ ЖАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ Толығырақ

«ТӘТТІ КІТАПТАР» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

17:53, 18 сәуір 2019

Кітап – білім бұлағы. Алайда, оны тек оқып қана қоймай, жеуге де болады. Қалай десеңіз, Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларынан сұраңыз. Жас ұрпақтың бойында кітап оқуға, білім алуға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында аталған білім ордасында «Тәтті кітап» байқау-фестивалі ұйымдастырылды.

Ерекше байқауға әр сыныптан 3 оқушы, ата-ана мен жетекші қатысты. Барлығы 15 топ. Аспаздың киімін киген сайыскерлер өздеріне берілген уақытта кітап формасындағы торт, тоқаш, бәліш сынды тағы басқа тағмдар әзірледі. Қазылар алқасының алдында презентеция жасап, өздері таңдаған әдебиетті қорғады. Аталған шара «100 кітап» жобасы шеңберінде өткізілді.

СӘУЛЕ УӘЛИЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНДАҒЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ПЕДАГОГІ:

Мектептің студенті осы мектеп қабырғасында оқыған кезде 100 кітап оқып шығуы керек. Оның арнайы белгіленген тізімі бар. Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде. 100 кітап жобасы аясында «Тәтті кітаптан» басқа да шаралар бар. Мәселен «Bookcrossing» жобасы. ӨЗің оқыған кітапты сөреге шаң бастырып қойып қоймай, екінші адамға сыйлау.

Байқауда пісірілген ең үлкен торттың салмағы – 10 келі. Сайыстың басты шарты – әр команда мүшелері өздері жасаған кітаптың мазмұнын толық білуге міндетті. Сайыскерлер түрлі сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін дәлелдеді.

ЖІБЕК ЖАМБЫЛОВА, ОҚУШЫ:

- Бүгінгі күні қазақ жастары қазақ әдебиетінің туындыларын біле бермейді. Біз осы мәселені шешу үшін осындай сайыс ұйымдастыруды ұйғардық. Бұл сайыс көптеген оқушылардың қазақ шығармаларын оқуға құштарлық береді. Мысалы мен өзім «Ұшқан ұя» шығармасын қайтадан оқығым келіп отыр.

Байқауға 75 адамнан құралған 15 топ қатысты. «Есіл» шаңырағының командасы торттың бетіне Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабының мұқабасын бейнеледі.

МӘДИ ҚҰРМАШЕВ, ҚАТЫСУШЫ:

Біз «Менің атым Қожа» кітабын жасадық Ол маған жас кезімнен жақсы таныс. Өзімнің мамандығым -  аспаз. Мұндай кондитерлік өнімді алғаш рет әзірледім. Еш  қиындығы жоқ екен. Бисквиттерді әзірлеп алып, түрлі ингредиенттерден балқаймақ жасадық. Әрбір әріпті кестік. Түрлі тағам пісірудің маманы болсам да, бүгін өзіме біраз тәжірибе жинадым. Өйткені кондитерлік өнімдерді жасай бермеймін.

Мәди Құрмашевтың қолынан шыққан торт үздік деп танылып, байқаудың бас жүлдесіне ие болды. Әр тағам 5 балдық жүйе бойынша бағаланды. Қазылар алқасы тағамның безендірілуіне, оны әзірлеу технологиясының сақталуына, бірегейлігі мен сайыскерлердің өздері әзірлеген кондитерлік өнімді таныстыру деңгейін және оның дәмін бағалады.

Эльмира КӘЛЕНОВА

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар