ШҰҒЫЛ! ЭЛЕКТР ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ Толығырақ

Сапаралы Самат Өмірбекұлы: "Талапты ерге нұр жауар"

11:37, 20 сәуір 2016

(Өзім туралы әзіл аралас шындық, бірауыз өтірігі жоқ)

1990 ж. 23 шілдеде Өзбекстан Республикасы, Жызақ облысы, Мырзашөл ауданы, Гагарин қаласының жанындағы бір ауылда тудым. Арадан бірнеше жылдар өтіп, 6 жасар Самат мектепке барады. Мектеп қабырғасында «төрт» пен «бестік» баға алып жүріп, мұғалімдерім мені «есейгенде сот бол», деп үгіттегенімен, мен заңгер-адвокат болуды қаладым. Өйткені ауылда көрмеген адвокатты теледидардан көріп қызығатынмын. Бірақ бірнеше жылдан кейін ол арманымды футболшыларға деген қызығушылығым басып кетті. Аулада доп ойнадық, құладық, қуандық та.

Ал 2004 жылы отбасымызбен ата-бабамыздың қаны тамған атажұртымыз Қазақстанға, дәлірек айтсам бұрындары тек теледидардағы жаңалықтан кейінгі ауа райынан ғана естіп жүрген мекен – Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аудардық. Бұл елде бұрынғы армандарым, ҰБТ-ны жақсы тапсырсам деген тілек қана қалды. Мектеп қабырғасында жүріп, өлең шығара бастадым. Содан, ұйқасы келсе буыны, буыны келсе ұйқасы келмейтін өлеңдерім де бір жолға түсіп, газет бетіне жариялана бастаған соң, түрлі тақырыптағы шығармаларым мақала болып өңделіп, газеттің соңғы бетінен орын алып та жатты.

Аудандық газет 2008 жылы ҰБТ-ны тапсыра алмай қалған 18 жастағы баланы жұмысқа алып, журналистика саласына бұрды. Алған бетінен қайтпайтын жас жігіт, келесі жылы тестілеуге қайта қатысып, армандаған грантына қол жеткізді. Бірақ филология факультетіне. Сырттай. Осылайша оқу мен жұмысты қатар алып жүрген Саматты «Қазақстан-Петропавл» телеарнасына жұмысқа қабылданғанда төбесі көкке бір елі ғана жетпей қалып еді.

Арнада жұмыс істеп келе жатқан 3-4 жылдың көлемінде бірнеше бағдарлама, ток-шоуды тізгіндеп, өз шеберлігін шыңдаған. Ал бүгінде күнделікті тікелей эфирдегі таңертеңгілік «Таңғы шай» сазды-ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі. Жақында үйленді. Міне енді өзі арықтап, келіншегі толып келе жатыр. Егер де «Арнаның бетке ұстары» сайысында жүлдегер болып жатса, мұны да өз өмірбаянына қосып қоймақ.

Дауыс беру үшін: http://vote.kaztrk.kz/15/

Тақырып бойынша материалдар

Жазитова Фариза Қамидоллақызы: "Алынбайтын асу жоқ"
11:10, 20 сәуір 2016
Жазитова Фариза Қамидоллақызы: "Алынбайтын асу жоқ"
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар