ШҰҒЫЛ! СЕНАТ СПИКЕРІНІҢ РЕСМИ САПАРЫ Толығырақ

БАСПАНАМЕН ҚАМТУ

13:01, 10 қазан 2019

Қатып қалған сең орнынан қозғалды. Аудандарда тұрғын үйлер салынып жатыр.  Мысалы, М.Жұмабаев ауданында 2 көппәтерлі және 36 жер үй тұрғызылуда. Құрылыс алаңына өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов  барып, мердігерлермен тілдесті. 

М. Жұмабаев ауданында 36 жер үйдің қабырғасы көтеріліп жатыр.  Жылжымайтын мүліктің басым бөлігі аудан орталығы -Булаев қаласында тұрғызылуда. Құрылыс жұмыстарына жеке сектордың қаражаты тартылған. Тиісті басқарма басшылары үйлер жылы болады деп сендірді. 

Бұл баспаналарға халық тығыз орналасқан өңірлерден көшіп келген қандастарымыз қоныстандырылады. 

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Нұр-Сұлтан қаласы және Қазақстанның оңтүстігінен көшіп келгендерді осы үйге қоныстандырамыз. Олар әлі келген жоқ. Құрылыс жұмыстарының аяқталғанын күтіп отыр. 

Өзіне дегенде әркімнің жан тері шығады. Құмар Ақсақалов үйдің құрылысына қоныс аударушылардың өздерін қатыстыру керек деді. 

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бір үйді салуға 7 млн теңге жұмсалады. Оның 1,5 млны жалақыға жаратылады. Қоныс аударушылар ертерек осында келіп, сіздерге жұмысқа орналассын.  Құрылыс жұмыстарының басы-қасында өздері жүрсін. Қандай терезе, есік салғысы келсе де өз еркі. Әрбір адам өзіне дегенде үйді сапалы етіп жасауға тырысады. Келешекте шағымдануға негіз болмайды.

Облыс әкімі келгендер қалалықтардан кем тұрмауы керек деді.  Жаңа үйлер орталық су тарату желісіне, жылыту жүйесіне қосылады. Булаев қаласына «Аби-жер» компаниясы сабан жағылатын қазандықтарын орнатыпты. Жақында орталық жылу тарату желісіне мына 18 қабатты екі үй қосылады. Бірақ коммуналдық қызметтің ақысы жоғары болайын деп тұр. «Аби-жер» серіктестігі жылу беру ісін қып-қызыл бизнеске айналдырып, тұрғындардың қалтасына салмақ түсірмекші. Аудан әкімдігі халықтың жағдайына қарамай, жылу таратушы тараптың шартымен оңай келісе салған. Тұтынушылардан ай сайын 12-15 мың теңге жинамақшы. Пысықайлардың мұндай идеясы Құмар Ақсақаловқа ұнамады. Мұндағы пәтерлер қоғамның әлжуаз тобына, көпбалалы және толымсыз отбасыларға беріледі. Сондай-ақ, бюджеттік қызметкерлер мен баспанасы апатты деп танылған 5 отбасыға да жаңа үйден жайлы бұрыш қарастырылыпты. Әкімдіктің есебінше, Булаев қаласы бойынша баспанаға 310 адам мұқтаж. 

18 пәтерлік екі үйді  «Агроспецстрой» серіктестігі жылдың соңына дейін қолданысқа тапсырмақшы.  Қазіргі таңда М.Жұмабаев ауданының орталығы біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Биыл орталық стадиондары жөнделіпті. Облыс әкімінің айтуынша, оған қомақты қаражат бөлінген.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Стадионға аз қаражат жұмсалған жоқ. Әрбір аудан орталығында осындай стадион болу керек. Бұл нысан тұрғындар үшін ашық болуы. аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі чемпионаттарды өткізу жағын ойластыру керек. Бұл жердегі жасанды шөп төсемі сапалы. Футболдан облыстық сайыс өткізуге болады. 

Осы күні өңір жетекшісі «Қарақоға» бақылау-өткізу бекетіне барды. Қазақстан және Ресей елдерінің шекарасы түйіскен бұл маңда көліктер ылғи ұзақ уақыт бөгеліп қалады. Мәселені шешу үшін екінші жағынан ауыр көліктерге бөлек айналма жол салынуда. Бұл жұмыс елордалық «Асар» компаниясына жүктелген. Алайда олар шаруаны созып жіберді. Нысанды мерзімінде тапсырмағандықтан 27 млн теңге айыппұл салынған.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мердігерлер құрылыс жұмысына небары 10 адамды тартқан. Өңір жетекшісі жауапты шаруаны күздің қара суығы түскенше тәмамдауды тапсырды. 

Берік ҚАСЕН

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар