ШҰҒЫЛ! ЦИФРЛАНДЫРУ - ЗАМАН ТАЛАБЫ Толығырақ

ЕЛБАСЫНЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ЖИЫН ӨТТІ

20:31, 18 қазан 2019

Бүгін Елордада еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен  алқалы жиын өтті. Мәжілісте болған маңызды жиналысқа Үкімет мүшелері мен Нұр Отан партиясының фракциясы қатысты. Партияның сайлауалды бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылу барысы талқыланды. Осы бағытта атқарылып жатқан шаруалардың есебі тыңдалды.

 

Елбасы төрағалық еткен бұл жиында  «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы мен «100 нақты қадам» ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысы қаралды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев, көптеген оң нәтижелерге тоқталды. Үш жарым жылдың ішінде 430 мыңнан астам жұмыс орны құрылғаны,  2 мың 700 шақырым жол салынғанын, Еуразиялық құрлықаралық дәліз іске қосылғанын,  шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 28% жеткенін айтты. Бір жылда Қазақстан «Doing Business» рейтингінде 8 сатыға көтеріліп, 28 орынға шыққаны оңды нәтиже екенін мәлімдеді. Атқарылған шаруаға тоқмейілсімей, әрі қарай даму үздіксіз жұмыс істеп, халықтың үдесінен шығу керектігін ескертті.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, ЕЛБАСЫ:

- Бүгінде партиямыздың алдында үлкен міндет тұр – қоғамды біріктіру, партия атынан Президенттікке сайланған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айналасындағы элитаны топтастыру. Партия еліміздің басты саяси күші ретінде мемлекет дамуындағы стратегиялық бағыт сабақтастығын қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан, Үкімет пен Фракция халықтың нақты мәселелерін бірігіп шешуі қажет.

Елбасы өңірлерді дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру барысына ерекше тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, бұл стратегиялық бағдарламалар ресми түрде жүзеге асырылуда. Олардың орындалуына тиісті бақылау жоқ. Кейбір тармақтар мүлдем орындалмайды. Жоспарланған көрсеткіштерге үнемі түзетулер енгізіледі деді.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, ЕЛБАСЫ:

- Ұлттық экономика министрлігі «Nur Otan» партиясымен және оның фракцияларымен бірлесіп, аталған бағдарламалардың орындалуы туралы жиын ұйымдастыруы керек. 2025 жылға дейін аумақтарды дамытудың жаңа бағдарламаларын әзірлеуді бастау керек. 2020 жылдың 1 наурызына дейін әр аудан, қала және аймақ үшін аумақтық даму бағдарламаларын әзірлеуді аяқтауды тапсырамын.

Сонымен қатар, Елбасы депутаттардың аймақтарға жұмыс сапары ретін қайта қарауды тапсырды. Халықтың үнін, мұң-мұқтажын, арыз-шағымын есту үшін партияның қоғамдық қабылдау бөлімінде бірінші басшылардың тұрғындармен кездесуін жандандыру қажеттігін айтты.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, ЕЛБАСЫ:

- «Сараптама нәтижесі көрсеткендей, біздің партияның депутаттары бұқаралық ақпарат құралдарын жеткілікті пайдаланбайды. Одан бөлек, «Nur Otan» фракциясы халықты толғандыратын көптеген өзекті мәселелер бойынша бастама көтермейді. Соңғы бірнеше айда «Nur Otan» фракциясының мүшелері бірде-бір резонанстық іс бойынша өз ұстанымдарын білдірмеді

Премьер-Министрі Асқар Мамин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа атқарылып жатқанын шаруалар жөнінде баяндама жасады.  «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы трансқұрлықтық көпірге айналды, көлік инфрақұрылымын жаппай жаңғырту жүргізіліп жатыр деді. Келесі жылы негізгі транзиттік автомобиль дәліздері бойынша жол жүру қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.

АСҚАР МАМИН,  ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

- Қазіргі уақытта барлық отандық Мұнай өңдеу зауыттарының  жаңғыртылуы толық аяқталды. Қуаттылығы жылына 500 мың тонна болатын полипропилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. Қуаттылығы 1 млн 250 мың тонна болатын полиэтилен өндіру жобасын іске асыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баламалы энергетика белсенді дамуда. Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауда. Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы әзірленіп жатыр. 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі. Қазақстандықтарды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. 2016-2018 жылдары 34 млн кв м астам тұрғын үй салынды. Жыл соңына дейін 13 млн кв м пайдалануға беру көзделген. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сайлауалды бағдарлама туралы баяндама жасады. Парламент партияның сайлау алдындағы міндеттемелерін орындауға бағытталған 72 заң қабылдағанын жеткізді. Қазірдің өзінде 112 міндеттеменің 31-і толық орындалғанын атап өтті. Сонымен қатар алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасы қазіргі уақытта депутаттар жұмысында, ал депутаттық корпус партияның қалған сайлау міндеттемелерін қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатқанына тоқталды.

НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Палата мен Үкіметтің үнемі бақылауында.Біз сіздің барлық бастамаларыңыз бен стратегиялық идеяларыңыздың белсенді жүргізушісі болуға дайынбыз. Сіздің барлық тапсырмаларыңыз, ең маңызды мемлекеттік бағдарламалар, әдеттегідей, қажетті заңнамалық қолдауға ие. Сіз қойған барлық міндеттер жүзеге асырылады.

Елбасының төрағалығымен өткен бұл жиында елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын одан әрі арттырудың әрбір бағыты жан-жақты пысықталды. Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке, Парламентке және партияның жауапты тұлғаларына жұмылған жұдырықтай бірігіп, халықтың табысын арттырып, тұрмысын түзеу жолында аянбай еңбек ету керектігін ескертті. Ербол Мәндібек, Еркінжан Керімжан ҰА:

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар