ШҰҒЫЛ! МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР БЕРІЛДІ Толығырақ

КӨКШЕТАУДЫҢ КӨРКЕЙГЕНІ – ЕЛ ҮШІН МАҢЫЗДЫ

20:33, 14 қараша 2019

 

2020 жылы Арқаның кербез Көкше жерінде өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастықтың форумы жоғары деңгейде өтуі тиіс. Бүгін жұмыс сапарымен Ақмола облысына барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қатысты үлкен жиын өткізген Мемлекет басшысы осылай деді.  Кеңесте өңірдің өткені екшеліп, болашағына бағдар жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаев, бірқатар түйткілдерді тізіп, әкім-қараларға оның шешу жолдарын ұсынды, тапсырма жүктеді.    

 

Қазақ елі талай қиындықты бастан өткерді. Бірақ, сынбады, мойымады. Бірліктен күш алып, толағай табысқа жетті. Елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық және мәдени өміріне оң өзгерістер енді. Мұның барлығы – Елбасының ерен еңбегі деген Қасым-Жомарт Тоқаев, осы қарқыннан таймау үшін тиімді жұмыс істеу керек деді.  

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазақстан Республикасы Елбасының мықты және парасатты басшылығымен әлеуметтік-экономикалық дамуда а, халықаралық аренада да өз орнын нығайтты, жетістікке жетті. Тәуелсіздік жылдарында біз жаһанда  пікірі бар мемлекетке айналдық. Қазақстан Еуразия кеңістігінде үлкен беделге ие болған, Орталық Азия аймағының көшбасшысы ретінде танылды. Мұның бәрі сөзсіз, Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегі. Ендігі міндет – Елбасы салған сара жолды жалғастыру. Тек сонда ғана біз тұрақсыз халықаралық қоғамдастықтан туындайтын сынақтар мен қиындықтарды жеңіп, тұрақты даму жолынан жаңылмаймыз.

Соның бірі – өңірдің туристік әлеуетінің толық пайдаланылмай отырғаны. Көкше көзсіз, сөзсіз керемет. Тек, туризмі тұралап тұр. Қазір, туризмнің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі небәрі 0,5% -дан аспайды. Ал, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 8% жеткізу межеленген болатын. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Менің ойымша, сауатты көзқарас пен жергілікті бизнес-бастамалардың қолдауымен Ақмола облысында туризмді дамытудың болашағы зор. Щучинск-Бурабай курорттық аймағы туристік өсудің 10 нүктесінің бірі ретінде анықталды. Жылына 2 миллионға дейін турист қабылдайтын әлеуеті бар. Осы ретте әкімдер Үкіметпен бірге, курорттық аймақтың инфрақұрылымын шұғыл аяқтауы тиіс. Тас жол тақтайдай, ауасы саф, айналасында бір қоқыс болмауы тиіс. Бастысы – бәрі үшін маңызды жол бойындағы дәретханалар ретке келтірілуі керек. 

Ақмола – астықты аймақ. Атырабының шөбі шүйгін, су көзі мол. Шұрайлы мекеннің облысты ғана емес, іргесіндегі Нұр-сұлтан тұрғындарын асырауға қауқары зор. Алайда, өңір өзгені қойып өзін жарылқай алмай отыр. Бір ғана мысал, астықты ауданда ұн бағасы 47% өсіп кетуі – ақылға қонымсыз деді Қасым Жомарт Тоқаев.  

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Жергілікті өндірушілер астана тұрғындарына негізгі азық-түлік өнімінің үштен бірін ғана жеткізіп отыр. Облыс өндірілетін еттің 42 пайызын, сүттің 29 пайызын Елордаға жөнелтеді. Аймақтағы ет және сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың әлеуетін барынша пайдалану керек. Сол арқылы өнімді өткізетін сауда орындарының жұмысын жандандырамыз.

Кәсіпкерлікті дамыту Қазақстан үшін өзекті іс. Шағын және орта бизнестің облыс экономикасындағы үлесі -28%. Сондықтан, бизнестің әлеуетін әсіресе, елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге пайдаланған жөн.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингі бойынша Ақмола облысы он үшінші орында. Жұмыспен қамтылғандардың саны (15 орын), шағын және орта бизнес өкілдерінің өнім шығару (14 орын) көрсеткіштері де төмен. Мұндай жағдайды түзету қажет. Шағын және орта бизнесті «қарапайым заттар экономикасы» жобаларына барынша жұмылдыру керек.

Топырағы құнарлы теріскей төсінде егін егіп, мал өсіруге өте қолайлы. Мұндағы халықтың көбі малмен жан бағады.  Жалпы, өңірдің осы бағыттағы дамуы қарқынды. Себебі, мемлекеттің қолдауы мықты, бөлінетін қаражаты қомақты. Тек, көмек көрсетудің ережелері мен шарттарының жиі өзгеруі – шаруаларды шаршатқан. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Үкімет шұғыл шаралар қабылдауға және фермерлерді мемлекеттік қолдау саясатының тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл саясат министрлердің ауысуымен еш өзгермек емес. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде тұрғындар мал жаятын жер таппай қиналуда. Үкімет берілген жерлерді бақылауға алып, жеке азаматтар мал жаюға мүмкіндік алу үшін қажетті нормативті ұстануы керек

Ақмола облысының әлеуеті зор, мүмкіндігі мол. Осы ретте, Мемлекет басшысы өнеркәсіптік өндірісті өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту және еңбек өнімділігін арттырудың қажеттілігін айтты. Бұл – аймақтың экономикасын өркендетпек.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Астық өсіретін үш ірі облыста атап айтар болсақ, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 5-тен 8 мың доллар аралығын құрайды. Ресейдегідей бұл көрсеткіш 17 мың доллар. Ал дамыған елдерде ол 80-90 мыңға жетеді.

Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, соның ішінде тұқым өндірісіне, сорттық жаңаруға және минералды тыңайтқыштарға едәуір қаражат бөледі. Осыған қарамастан бидайдың орташа өнімі әр гектардан 12 центнерден аспайды.

Еңбек адамы үшін бастысы - жұмыс. Нәпақа табу, отбасын асырау. Мемлекет ол үшін жақсы жағдай жасап отыр. Жұмыс орындарын сақтап, мамандардың біліктіліктерін арттыруда. Себебі, халықтың тұрмысын түзеу – күн тәртібінен түспейтін басты шаруа.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Мемлекет жұмыссыздық мәселесін шешу үшін қаржы бөлуде. Бірақ, бұл қаражатты тиімді пайдаланбайды. Мысалы, «Еңбек» бағдарламасының нәтижесінде облыста 2019 жылы 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ал бастапқыда 15,5 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған болатын. Қазір жоспардың  66,5 пайызы ғана орындалды.Әкімдік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыруы тиіс.

Көкшеде адамдардың күнделікті кездесетін көкейкесті мәселе көп. Өңірде дәрігерлер жетіспейді. Үш аусымдық 11 мектеп бар. Балабақшадағы ұзын-сонар кезек әлі азаймаған. Мұғалімнің жағдайы да мәз емес. Елдің елеулі мәселелеріне екпін қойған Президент, тіршілік үшін маңызды яғни жарық, су, жол, әлеуметтік инфрақұрылым, экология мәселелеріне де баса назар аударды.

Елдің амандығы мен халықтың тыныштығына қатысты жұмыстар да ширамақ. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Жол-көлік оқиғалары (43 8-ден 569-ға дейін – 29,9 пайызға) мен одан зардап шеккен азаматтардың саны да (615-тен 822-ге дейін – 33,7 пайызға) үштен бірге артқан. Бұл деректер аймақта  құқық бұзушылықтың алдын алу және жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының  жеткіліксіз екенін көрсетеді. Осыған байланысты  Ішкі істер министрлігі  Әкімдікпен бірлесіп, бұл бағытта кешенді шаралар қабылдауы керек.

Мемлекеттің міндеті – ең алдымен, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру. Бұл бағыттар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әр адамның киімі көк, қарыны тоқ болу үшін елдегі халық саны мен өмір сүру жағдайлары туралы нақты ақпарат болуы керек деген Мемлекет басшысы, таяуда елде халық санағы болатынын айтты.

Тақырып бойынша материалдар

ЖАЛҒА БЕРГЕН ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ ҚАЙТАРЫЛАДЫ
20:34, 12 желтоқсан 2019
ЖАЛҒА БЕРГЕН ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ ҚАЙТАРЫЛАДЫ
Толығырақ...
МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ
20:33, 12 желтоқсан 2019
МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ
Толығырақ...
МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ
20:32, 12 желтоқсан 2019
МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨНЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ
20:58, 10 желтоқсан 2019
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨНЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ
Толығырақ...