ШҰҒЫЛ! ЕЛБАСЫНЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ЖИЫН ӨТТІ Толығырақ

ӨҢІРДЕ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР КӨПТЕП ТҰРҒЫЗЫЛАДЫ

13:07, 20 қыркүйек 2019

Әдеттегіден де ауқымды жұмыс. Келесі жылы өңірімізде құрылыс қарқын алады.  Көппәтерлік баспана, емхана, мектеп, балабақшалардың бірнешеуі тұрғызылмақшы. Тұрғын үйдің көп бөлігі,әлбетте, облыс орталығында бой көтермек. Келешекте Бескөл, Саумалкөл, Новоишим ауылдары кеңейеді деп күтілуде. Пеньков және Белое селосы  арасында 500 жер үй салынбақшы. Осындай бірқатар жобаның нобайын әріптесім Берік Қасен көріп қайтты. 

Келешекте Пеньков селосы маңындағы 80 гектарда бүтін бір ауыл пайда болады. Атап айтқанда, 500 тұрғын үй, 320 орынға шақталған мектеп, 140 балғанға арналған балабақша, фельдшерлік акушерлік пункт, әкімшілік ғимараттар,  шағын және орта бизнес нысандары тұрғызылмақшы. 

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Пеньков және шағын Белое селолары аралығында 500 тұрғын үйдің құрылысын жоспарладық. Жылдың соңына дейін жол, су, жылу, электр желілерін тартып үлгереміз деген үміттемін. Облыс әкімі Құмар Іргебайұлының араласуымен ел қазынасынан инфрақұрылымға қомақты қаражат бөлінді. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Сонымен қатар, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен келіссөздер жүріп жатыр.  Фельдшерлік акушерлік пункт, мектеп, балабақшаның қабырғасын бір жылдың ішінде көтермейміз. Бұл жобалар 5 жылға шақталған. 

Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылын да кеңейту жоспарда бар. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік жолдар қалпына келтіріліп, Мектеп-интернат , мәдениет үйінің ғимараттары жөнделмек.  Жергілікті биліктің мәліметінше, аталмыш  ауылға қомақты қаражат бөлінді.  Жобалау-сметалық құжаттары дайын. Бүгіннің өзінде құрылыс компаниялары іске білек сыбана кіріскен.

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Елдімекен ішінде ауыз су желілері тартылады. Жалпы ұзындығыи 20 километрді құрайды. Нәтижесінде 2 100-ден астам адамды тіршілік көзімен қамтимыз. Мирас балабақшасына дейін 1,5 шақырымға жылу құбыры тартылады. Үсітіміздегі жылы 70 нысанды орталық жылыту жүйесіне қосылады. Қатарында 7 көппәтерлік үй бар. Келесі жылы тізімге 15 үй алынады. 

Бескөлде тұрғын үйлер салынып жатыр. Былтыр 30 пәтерлік үй қолданысқа берілген. Әзірге,  көпбалалы отбасы, әлеуметтік аз қамтылғандар мен жетімдердің барлығын баспанамен қамту мүмкін болмай жатыр. Осы ауылда 600 тұрғын баспанаға мұқтаж. Жоспар бойынша Бескөлде 300 орынға шақталған мектеп, 40 пәтерлік 2 тұрғын үй тұрғызылмақшы. Біреуі келесі жылдың көктемінде қолданысқа тапсырылады. Бұл мақсатқа 440 млн теңге бөлінді. «Зерттеу-СК» компаниясы қаражаттың 40 пайызын жыл соңына дейін игермекші. Бүл үй де орталықтандырылған су, жылу жүйелеріне қосылады. Өңір жетекшісі, осыған ұқсас шаруа өз аудандарда атқарылып жатқанын айтты. Қазіргі таңда үш ауданда бірнеше қабатты тұрғын үй салынуда.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Биыл Шал ақын, М.Жұмабаев аудандарында көппәтерлік үй пайдалануға беріледі. Есіл ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудандарда негізінен жалдамалы баспаналар салып жатырмыз. Оған қоғамның әлжуаз тобын, көпбалалы аналар мен жетімдерді қоныстандырамыз. Жыл сайын ауданда кем дегенде бір нысан тұрғызылуы тиіс.   

Келесі жылы өңірде құрылыс жұмыстары әдеттегіден ауқымды болады деп күтілуде. 

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Жұмабаев көшесінде жеке сектордағы үйлерді қыс мезгілінде сырмақшымыз.  9 қабаттан тұратын 4 бірдей баспана тұрғызбақшымыз. Маңайы абаттандырылып, көгалдандырылады. Сондай-ақ, облыс аумағында 3 емхананың құрылысы жоспарланған. Оның біреуі Бескөлде орналасады. Бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын болады.  Екінші, емхана «Береке» ықшам ауданында бой көтермек.

Ал үшіншісі Новоишимка ауылында тұрғызылмақшы. Ол елді мекенде де халық көп шоғырланған.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Новоишимкада 11 мың адам тұрады. Шағын қала сияқты.  Новоишимкаға қала статусын беретін шығармыз. Ол енді болашақтың еншісінде.  Жаңа емхана салынатын болады.  Үйлер салынатын болады.  Сондай-ақ, Бескөл және Тайынша қаласында 2 мектеп салынады. Құрылысы көктемге жоспарланған. Университет студенттеріне 2 жатақхана салады. 25 күннен кейін «Шығыс» ықшам ауданында болашақ көпбейінді аурухананың алғашқы қазығы қағылады. 

Құмар Ақсақалов құрылысқа жауапсыз мердігерлерді жібермеуге тырысамыз деді. Ондайлар негізінен сырттан келіп жатқан көрінеді.  Астанадан келген мердігер қазақ театрының құрылысын кестеден кешеуілдетіп жатыр. Оның себебін облыс әкімі айтты. 

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Құрылыс басқармасы қазақ театрының құрылысын жауапкершілігі төмен  компанияға сеніп тапсырған. Нұр-Сұлтан қаласының мердігері тендерді ұтып алған. Олардың осыған дейін де біраз былықтары болыпты. Мұны біз бертін анықтадық. Оларға айыппұл санкциясын саламыз. Сол пысықайлар, құрылыс жұмыстарын ұйымдастыра алмай отыр. Бүгінде қазақ театрына арналған қаражат, материал бәрі дайын.

Биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Бұл міндет жергілікті атқарушы органдарға ғана емес, жетекші партия мен қоғамдық бақылауға артылды.   

Берік ҚАСЕН

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар