ШҰҒЫЛ! МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ А. АЙМАҒАМБЕТОВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ Толығырақ

ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ – 2019

20:03, 16 тамыз 2019

Мұғалімдердің жалақысы 2 есе өседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында үкіметке осындай тапсырма берді. Жоспар 4 жыл ішінде жүзеге асырылады. Жиынның ең басты, әрі жағымды жаңалығы да осы болды. Конференцияда көтерілген басқа да мәселелер жөнінде Альбина Әшімнің материалынан біле аламыз.

Жаңа оқу жылына жаңа оқулықтармен. Назарбаев зияткерлік мектептерінде биыл 3 пән жаңаша оқытылады. Гаджетке арнайы қосымша жүктеп алсаңыз, оқулықтардағы суреттерді «үш д» үлгісінде, тіпті, бейне арқылы «тірілтуге» болады. Осылайша, ойын баласы ілім-білімді ойнап отырып зердесіне тоқиды.

 МЫРЗАҒАЛИ БАҚЫТЖАНҰЛЫ, «НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ» ДББҰ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:

- Дүниетану, жаратылыстану және математика 3-сынып. Осы жылы 4-сыныпқа жасалды. Болашақта тағы басқа пәндерден және сыныптарға жасаймыз.

Еліміздің әр өңірінен келген ұстаздардың айтар жаңалығы да, талқылар мәселесі де аз емес. Тамыздағы дәстүрлі жиын биыл бұрынғыдан ауқымдырақ. Өткен жылдары шараға 500-дей ұстаз қатысса, бұл жолы екі мыңнан асып кетті. Өйткені конференцияға тұңғыш рет президенттің өзі қатысты.

 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет.

Сондықтан президент ұстаздардың айлығын өсіру туралы шешім қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке 4 жыл ішінде педагогтардың жалақысын екі есе өсіруді тапсырды.

 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Мұғалімдердің жалақысы базалық лауазымдық айлық арқылы есептеледі. Сол себепті елдегі 500 мың педагог еңбекақысының өскенін сезіне алмай отыр. Мұны мойындау керек. Мына заң мен қабылданған шаралар мұғалімдердің өміріне елеулі өзгеріс әкеледі деп сенемін. 

Сондай-ақ енді мұғалімдерге сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақша төленеді. Ал еңбек демалысы 56 күнге дейін созылады. Мәртебесі, жалақысы өскен мұғалімнің жауапкершілігі де артады. Президент қазіргі таңда «ұстаздық» жолын мамандықты сүйгеннен емес, қолжетімді болғаны үшін таңдайтындар көп екенін сынады. Сондықтан Университеттерде талапты күшейтіп, грант бөлу мәселесін қайта қарауды тапсырды. Мұны жиынға келгендер де қолдап отыр.

 САЯСАТ НҰРБЕК, БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Ең мықты оқу жүйелері, білім жүйелері дамыған елдерде Сингапур, Оңтүстік Корея, Финляндия, Ұлыбритания, ол жерде ұстаздыққа жәй адам кіре алмайды. Міндетті түрде білім алу керек. Міндетті түрде арнайы лицензия алу керек. Баламен жұмыс істеу үшін психологиялық ерекше жан-күйіңіз болу керек.

Тағы бір маңызды мәселе – мектеп тапшылығы. Бүгіндері елімізде 7014 орта білім беретін орда бар. Олардың 128-і үш ауысымды, 31-і апатты жағдайда. Бұл түйткілді шешу үшін 2019-2020 жылдары республикалық бюджет есебінен 35 мектеп жаңадан салынса, апатты жағдайдағы 7 мектеп ауыстырылады. Білім ордаларының жетіспеушілігін жеке мектептер ашу арқылы да шешу ұсынылды. Ал ауылдардағы мектептердің жабылып қалмауын қадағалауды президент әкімдерге тапсырды. Сондай-ақ шағын елдімекендердегі бірнеше пәннен бір мұғалімнің оқытуын доғарып, білікті мамандарды ауылға тарту керектігі айтылды.

 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Әрбір шағын комплектілі мектептің ахуалы ауыл тағдырымен тікелей байланысты. Ал ауыл – біздің алтын бесігіміз. Ата-бабамыздың мекені, терең тарихымыздың куәсі. Сондықтан, оны сақтап қалуымыз керек.

Жиында балалар тәрбиесіне де баса мән берілді. Батыс Қазақстаннан арнайы келген оқушы анасы бұл мәселені бірлесіп шешуге шақырды.

 КЛАРА РИЗУАНОВА, ОРАЛ Қ. №44 МЕКТЕБІ ОҚУШЫСЫНЫҢ АНАСЫ:

- Мысалы, Түркістан қаласындағы бала зорлығы, қатыгездікпен бір-бірінен өш алуы, Алматы облысындағы өз анасын жауыздықпен өлтірген мектеп оқушысы. Талдықорған қаласындағы ұялы телефонға шектеу қойғаны үшін өзіне қол жұмсаған оқушы, ерте жүктіліктің көбеюі сияқты жан түршігерлік оқиғаларға куә болудамыз. Ал мектеп пен ата-ана болса, мәселені бірлесіп шешудің орнына кінәліні іздеуде.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайынның да пікірі осыған саяды. Президент те бала құқықтарын қорғау басты міндет екенін қадап айтты. Ал жеткіншектердің өз-өзіне қол жұмсауын тоқтату үшін бала тәрбиесінде «өмірлік мақсат» қағидасына басымдық беру керек, - дейді  мемлекет басшысы.

Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі барша білім саласы қызметкерлерінің бой түзер бағдары болуы тиіс.

 Ал Ақмола облысынан келген ұстаз балалардың қазақ тілінде сөйлеймейтініне қынжылды.

 ДАМИР СҰРАҒАНОВ, ЩУЧИНСК Қ. №7 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

-Мен қазақ тілінің мұғалімі ретінде, сонымен қатар мемлекеттік тілдің де мәселесін айта кеткім келеді. Біз тілді дамыту жайында көптеген мәселелерді айтып жатамыз. Бірақ қазіргі таңда балалрымызды қазақ тіліне үйрететін орта қалыптастыра алмадық.

Алайда ана тіл үшін алаңдауға негіз жоқ сияқты. Қасым-Жомарт Тоқаев үштілдік жүйеге көшу барысында қазақ тілі ең негізгісі, маңыздысы болатынын жеткізді.

 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2-3-ші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-ші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын. Ал жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу қажет.

Сын айтылып, мақсаттар айқындалған соң, балаға үйретуден жалықпай жүрген ұстаздардың еңбегі еленді. Президент тәжірибелі, білікті, өз ісіне берік бір топ мұғалімді «Құрмет ордені», «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдерімен марапаттады.

 АЛЬБИНА ӘШІМ, ТІЛШІ:

- Осылайша, президенттен қолдау тауып, марапат алған мұғалімдердің мерейі бір өсіп қалды. Алайда босаңсуға болмайды. Мемлекет басшысының үкімет пен ұстаздарға берген үй тапсырмасы жеңіл емес. Жалпы алғанда, 8 бағыт. Олардың ішінде 2025 жылға дейін білім мен ғылымды дамытудың бағдарламасын әзірлеу, 12 жылдық оқытуға жоспарлы әрі байыппен көшу міндеттері бар.

Альбина ӘШІМ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

СОЦИАЛЬНАЯ ПОМОЩЬ ДОЛЖНА БЫТЬ СТАБИЛЬНОЙ
21:05, 6 қараша 2019
СОЦИАЛЬНАЯ ПОМОЩЬ ДОЛЖНА БЫТЬ СТАБИЛЬНОЙ
Толығырақ...
«ҚЫС - 2019» КОМАНДАЛЫҚ-ШТАБТЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЛАРЫ
17:58, 5 қараша 2019
«ҚЫС - 2019» КОМАНДАЛЫҚ-ШТАБТЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЛАРЫ
Толығырақ...