ШҰҒЫЛ! АҚОРДАДАҒЫ ҚАБЫЛДАУ Толығырақ

ТІРЕК АУЫЛДАР ДАМИДЫ

17:57, 19 қыркүйек 2019

Ендігі кезекте барлық назар болашағынан үміт күттіретін  елді мекендерге аударылады. Жол, мектеп өзге де әлеуметтік нысандар сол ауылдарда салынады, қалпына келтіріледі. Жас мамандар тартылып, жұмыссыздық азаяды.  Әсіресе, халқы тығыз орналасқан өңірлерден  жұмыс күші тапшы облыстарға қоныс аударған  жанұяларға және көпбалалы отбасыларға басымдық берілмек. Бұл жұмыстар  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылады.  Бүгін өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданы Чапаев ауылына көшіп келген жанұялардың қоныс тойына ортақтасты.

Сырттан келгендерді баспанамен қамту мәселесі бірінші кезекте тұрады. Осы күні Қызылжар ауданында тірек ауылдар анықталды.  9 елді мекенде барлығы 39 үй тұрғызылып жатыр. Ресми мәліметке сүйенсек, 13-і дайын. Жаңа баспаналарға негізінен оңтүстіктен көшіп келгендер қоныстандырылады.  

ДАНИЯР ӘБУТӘЛІП, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Қызылжар ауданына қарасты 9 елді мекенде агроқұрылымдармен келісім жасалды. Олар көшіп келгендерді  баспана және тұрақты жұмыспен қамтиды. Оңтүстіктен облысымызға көпбалалы отбасылар қоныс аударуда. Тиісінше, ауылдағы мектеп, шағын орталықтар жабылмайды. Ұстаздардың орны сақталады.  Қосымша жұмыс орындары  ашылады. Жан басына 88 мың теңге субсидия қарастырылған. Сондай-ақ, үйдің  бір жылдық жалдау құнын өтейміз. Ол соманы біржола немесе ай сайын алу мүмкіндігі бар.

Бүгінде Қызылжар ауданына қарасты Чапаев селосына 5 отбасы көшіп келді. Бірден жалдамалы үйге орналасты.  Баспананың аумағы-  90 және 104 шаршы метр. Жылжымайтын мүлікті 5 жылдан кейін ерлі-зайыпты Оспановтар сатып алуға ниетті. Бұл отбасы  5 баласымен Түркістан облысынан қоныс аударды.

ДҮЙСЕНБІ ОСПАНОВЧАПАЕВ СЕЛОСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

-Түркістан облысында тұрғанда қан қысымым жоғары болды.  Денсаулығымның нашарлауына байланысты осы жаққа көшіп келдім. Қазір шүкір, жағдайым оңалды. Жүгіріп, жұмыс істеп жүрмін.  Жұмыспен қамтыды. Айлығы жақсы.  Мектепте жұмыс істеп жатырмын.

Чапаев селосы Петропавлдан алыс емес. Аралық 30 шақырымды құрайды.  Келешекте ауыл шаруашылығы тауарларын қалаға апарып сатуға болады. 

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-Мемлекетке алақан жаймай, талаптанған дұрыс. Мемлекет қайтарымсыз грант, арзан несие ұсынып жатыр. Мал және өсімдік шаруашылығымен айналысуға болады. 

Ауылдағы мектептерді сақтап қалу міндеті тұр. Биыл Чапаев орта мектебінде қазақ сыныптары ашылды.   Соған байланысты педагог тапшылығы бар. Әзірше 10 жұмыс орны бос тұр. Бастауыш сыныптың мұғалімі Перизат Боранбаева мұнда көшіп келгеніне өкінбейді. Мектеп жасындағы 3 баласын білім ошағына еш қиындықсыз орналастырған. 

ПЕРИЗАТ  БОРАНБАЕВА, ЧАПАЕВ СЕЛОСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біріншіден, осы жақтың ауа райына қызықтық.  Тұрақты жұмыс ұсынды. Шымкентте халық көп шоғырланған. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, емханаларға барғанда мамандардың қабылдауына кіре алмайсың, Себебі келушілер көп. Күнде ұзын сонар кезекте тұрасың. Ал мұнда жағдай мүлде басқаша. 

Өңірімізде 640 елді мекен бар болса, жартысының болашағы бұлыңғыр  деп танылған. Ондағы тұрғындарды гүлденіп жатқан ауылдарға көшіру жағы қарастырылуда.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- 518 отбасы / 1600 адам облысқа көшіп келді.  Жылдың аяғына дейін 700 отбасы немесе 2000 -нан адамды қабылдау жоспарымыз бар. Тек қана бес облыстан емес, Нұр-Сұлтан қаласынан да бүгінгі күні 62 отбасы көшіп келді. Көшіп келген азаматтарға міндетті түрде мониторинг жүргізілетін болады. Оларға жұмыс береміз. Бірақ өздері де мемлекетке қарап отырмай талаптануы тиіс. 

Бұл үйлерді  «Қызылжар сүт» ЖШС тұрғызып жатыр.  Әрбіреуі 7 млн теңгеге бағаланған. Аталмыш компания баспананың құрылысымен қоса 720 бас  ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферма тұрғызып жатыр. Нысан келесі жылдың көктемінде іске қосылады. Сол уақытта қосымша 20 тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Бұдан өзге санация әдісі бойынша ауыл ішіне ауыз су желілері тартылмақ. Яғни, жер астына көмілген ескі құбырдың ішінен жаңасы өткізіледі.  Бұл мақсатқа мемлекеттен 13 млн теңге бөлінген. Құбыр көшелердің бойымен орналасады. Үйдің ішіне өткізілмейді. Бұл жұмысты тұрғындар жеке қаражаты есебінен атқара алады. 

Берік ҚАСЕН

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар