ШҰҒЫЛ! ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ – 2019 Толығырақ

АУЫЛДАРҒА ТАЗА СУ КЕЛЕДІ

21:04, 6 мамыр 2019

Елді мекендер мен облыс оралығындағы жеке сектор тұрғындарын ауыз сумен қамту, жазғы маусымда өрттен және суға кетуден қорғану мәселелері облыстық әкімдікте өткен жиында талқыланды. Биыл ауыз сумен қамту мәселесін шешу мақсатында өткен жылға қарағанда қомақты қаражат бөлініп, 32 ауылға су тартылмақ. 

Қазақстанда тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесінде  Солтүстік Қазақстан облысының 253,5 мың тұрғыны бар  394 елді мекені немесе 60,7 пайызына су тартылған. 255 ауылда мәселе әлі шешілген жоқ.

ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, СҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- «Аймақтарды дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2011жылдан 2018 жылға дейін елдімекендерге 1,9 мың метр су құбыры тартылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 36,4 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде өңірдің 56 ауылына  таза су берілді. 141 ауылдың су беру жүйесінің жұмысы жетілдірілді.

Сумен қамту нысандарын қолдану бойынша да мәселелер бар көрінеді. Айталық мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылған 175 жаңа нысанның тек 92-сі  ғана арнайы мамандандырылған кәсіпорындарға сенімді басқаруға тапсырылған. Өңір басшысы аудан әкімдерімен селекторлы байланысқа шығып, бұл жұмысты қолға алуды тапсырды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Қызмет көрсететін нысанның иесі болмаса, тәртіп еш уақытта болмайды. Жекеменшік компанияның қарамағына тапсыру керек. Алайда судың тарифі қымбаттамауы тиіс. Бұл да биснезтің бір түрі. Кәсіпкер табыс тауып қана қоймай, азаматтарға жағдай да жасасын.

Ауыз су мәселесін шешу үшін биыл өңірге 9млрд 100млн теңге бөлінген, бұл өткен жылға қарағанда 40 пайызға көп. 2018 жылы 185 шақырымды құрайтын су құбыры тартылса, биыл 32 елдімекен таза сумен қамтылмақ.  Су мәселесі шалғай аудандарда ғана емес, облыс орталығында да өзекті. Айталық қаланың жеке секторының 72 пайызы суды құдықтар мен су тартардан тасып жүр.  Бұл үйге су тарту қызметінің қымбаттылығымен түсіндіріледі. Әдетте 200 мыңнан -500 мың теңгеге дейін. Өңір басшысы Қызылжар су серіктесігі мен қалалық әкімдікке мәселені шешіп,  тұрғындар үшін оңтайлы амалын қарастыруды тапсырды.

Облыс әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасына тұрғындардан көктем кезінде жағымсыз кәріз иісінің жиі шығатыны жайындағы шағымдар көп түседі. Өңір басшысы жауапты мекемелердің жұмысын қатты сынға алды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Кәріз жүйесін қайта жөндеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан қаражат толық мөлшерде бөлінген. Қалалық әкімдік оны дұрыс игере алмай келеді. Ылғи белгісіз бір түзетулер жүргізесіңдер. Мердігер компания тапсыру мерзімін шегере береді. Тез арада жөндеуді аяқтауды тапсырамын. 

Жиында Құмар Ақсақалов  жаңа төселген асфалтті коммуналдық қызметтер қайта қазып, құбырларды жөндеу фактілері жайында да өз ойын білдірді.  Бұдан былай, мұндай келеңсіздікке  жол бергендерге қомақты айыппұл салу керектігін баса айтты.

Жаз шыққалы өрт қаупі артты.  Жиынға қатысқан Төтенше жағдай департаменті мамандарының айтуынша маусым басталғалы облыста  30 гектар жерді күйдірген 5 орман өрті тіркелді. Өткен жылы көктемнен күзге дейін орманды жердің 34 гектары отқа ораныпты. 200 ден астам қоқыс пен қураған шөптің жану фактісі орын алды.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД БАСТЫҒЫ:

- Төтенше жағдайлар департаменті өрттің шығуына кінәлі болған 39 адамды анықтап, әкімшілік жазаға тартты. Айыппұлдың жалпы мөлшері  300 мың теңгені құрады. Ауылшаруашылық алқаптардың қураған шөптерін әдейі жағу оқиғалары жағдайды ушықтыруда. Облыс аумағында 32 өртке қарсы бекет, 411 еріктілердің өртке қарсы құрылымдары және 19 орман өрттеріне қарсы станциясы құрылған.

Соңғы 5 жылда өңірдің өзен-көлдерінде 168 адам суға кетті. Оның 22 кәмелет жасына толмаған бала.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД БАСТЫҒЫ:

- Бір айта кететіні тұрғындар көп шомылатын 58 орынның тек 3-уінде ғана қауіпсіздік шаралары толық сақталған.  Осы орайда аудан әкімдері  ресми түрде рұқсат етілмеген, бірақ халық жиі шомылатын участкелерді назарға алып, қауіпсіздік шараларынң қамтамасыз етуді сұраймын.

Өңір басшысы аудан әкімдеріне орман өрттерін болдырмай,  адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Әсел ОРАЗБАЕВА

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар