
Шаһарда «Жасыл ел» СҚО штабының ұйымдастыруымен «Clear Fest» экологиялық акциясы өтті. Іс-шара өңіріміздің белсенді жастарының қатысуымен Мещан орманында ұйымдастырылды. Фестивальдің басты мақсаты - тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру. Толығырақ келесі бейнематериалда.
Қала тұрғындарының көбі өкінішке орай, демалған жерлеріндегі қоқысты жинамай кетеді. Бірақ, осындай эко-фестивальдар аймақтың экологиясын тазартуға аз да болса өз септігін тигізеді дейді белсенділер.
ДАЯНА ОСПАНОВА, «ЖАСЫЛ ЕЛ» СҚО штабы» ҚБ төрағасының орынбасары:
«Бүгін Халықаралық жастар күні аясында облыстың белсенді жастарының қатысуымен «Clear Fest» атты экологиялық акция өтті. Фестивальда қатысушылардың көмегімен өте көп қоқыс жиналды және де біз бәріміз қала тұрғындарын табиғатты бағалауға шақырамыз.»
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты-жастарға экологиялық тәрбие беру. Мещан орманын қоқыстан тазартуға 5 жастар бірлестігінің өкілдері келді. 40 минут ішінде қатысушылар тұрмыстық қалдықтарды мүмкіндігінше көп жинауы керек. Мәреде барлық қоқыс өлшенетін болады.
БІРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, «JAS OTAN » ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
« Осы фестивальға СҚО филиалының «Жас Отан» жастар қанаты қатысқалы отыр. Біздің белсенді жастарымыз бүгін осы фестивальға қатысып, бірінші орынды жеңіп алады деп үміттенеміз.»
Жарыс соңында белсенділер орта есеппен 214,5 килограмм тұрмыстық қалдық жинады. Фестивальдің бас жүлдесін студенттер кәсіподағының "Қозыбаев Юниверсити"командасы жеңіп алды. қатысушыларға алғыс хаттар табыс етіліп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетсек, бұндай эко-фестивальдар жыл сайын ұйымдастырылып отырады.
Дана Калиева