ШҰҒЫЛ! ОБЛЫС ӘКІМІ ӨҢІР ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮНДЕУ ЖАСАДЫ Толығырақ

«ЕСЕЙ-АГРО» ЕГІН ОРАҒЫН АЯҚТАДЫ

13:01, 15 қыркүйек 2020

«Есей-Агро» - Тимирязев ауданындағы бетке ұстар ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫҢ бірі. Егінмен мен мал шаруашылығын қатар дамытқан серіктестік күзгі орақ науқанын алғашқылардың бірі болып аяқтады. Гектар берекелігі 22 центрді құрады. Серіктестік маңдай термен өсірген бидайдың бір талын шашау шығармай жиып алды. Ендігі мінет - өнімді тиімді бағаға сату. Тақырыпты әріптесім Аманжол Нұртазин жалғастырады.  

Мына алқапта жүйіткіген комбайндар соңғы астықты жинауға  кірісіп кеткен. Бірер сағаттың ішінде «Есей-Агро» серіктестігі орақ науқанын аяқтайды. Биыл жергілікті аграрий қарамағындағы 13 жарым мың гектар жердің 10 мыңнан астамына бидай және 500 гектарына  жасымық сепкен екен.  

СЕРІК ЖУКЕЕВ, «ЕСЕЙ-АГРО» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Күннің ыстығынан егініміз бітік шықпайды деп ойлаған едік. Алайда, ауа райына қарамастан бидай берекелігі 22 центрден, жасымық 14 центрден айналды. Бұның барлығы минералды тыңайтқыштардың уақытылы жерге сіңірілгенінен деп білеміз.

Комбайндардан түскен астық ауыр жүк көліктеріне тиеліп, алқаптан  «Есей-Агро» серіктестігіне жол тартты. Мұнда жеткізілген өнім зертхана мамандарының қолына түседі.  

ӘСИЯ РАХИМОВА, «ЕСЕЙ-АГРО» ЖШС ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ ЛАБОРАНТЫ:

Биыл 3-ші сұрыпты бидайдың дән кілегейлілігі 20-25 маңайында. Жаз жаңбырлы болған жоқ. Өнімнің ылғалдығы 13,5-ке дейін жетеді. Тіпті, кептірудің де қажеті жоқ.

«Есей-Агро» серіктестігінде 9 қойма шоғырланған. Шаруашылықтың жиналған астықты кептіріп, тазартып сақтауға мүмкіндіктері бар. 2019 жылы серіктестікпен КС-20 кешені орнатылды.

ЕСІМБАЙ ҚОҚАНОВ, «ЕСЕЙ-АГРО» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Бидай кептіргіштің жанында тұрмыз. Ол сағатына 50 тонна кептіреді. Сағатына 150 тонна бидайды тазалауға мүмкіндігі бар. Жалпы 9 қойма бар болса, соңғысын биыл салдық. Сыйымдылығы 5 мың тонна. Барлығы 18 мың тоннаны сақтауға қауқарымыз бар.

Айта кеткен жөн, «Есей-Агро» серіктестігі 2 шаруашылықтың бірігуінен құрылған. Ірі кәсіпорынды тізгіндеген қос басшының мол тәжірибесі арқасында істері алға басып келеді. Материалдық техникалық базасы нық. Серіктестік қысы-жазы ауылдықтарды жұмыспен қамтып отыр.

ИГОРЬ ГАЙВОРОН, «ЕСЕЙ-АГРО» ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ:

Техниканы жөндейтін ғимаратымыз бар. Мұнда комбайндар мен тракторларды қалыпқа келтіреміз. Егер жазда жұмысшылар алқап басында жұмыс істесе, қыста көктемгі науқанға техниканы дайындаймыз.  Өзіміз шөп тасуға қажетті арбаларды құрастырамыз.

Серіктестік биыл 600 млн жуық теңгеге 7 ДжонДир комбайны және 1 егін егу кешенін сатып алды. Шаруашылық 2012 жылдан бастап ірі қараны өсірумен де айналысады.

ҚАЗБЕК ЖУКЕЕВ, «ЕСЕЙ-АГРО» ЖШС МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН БАСҚАРУШЫ:

2012 жылы Қостанай облысынан әулие тұқымды ірі қараның 40-ын сатып алдық. Қазіргі уақытта бізде 250 сиыр бар. Бұл тұқым ауа райымызға бейімделген. Жазда жайылымда жүрсе, қыста арнайы қораларымыз бар.

Серіктестік ірі қараны «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы сатып алған.  Бұдан бөлек, шаруашылықта 230 жылқы мен 150 қой бар.

Аманжол НҰРТАЗИН

 

Тақырып бойынша материалдар

БИЫЛ ОБЛЫСТА 52 ЕГІЗ БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
13:05, 23 қазан 2020
БИЫЛ ОБЛЫСТА 52 ЕГІЗ БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

АЙЫРТАУ АУДАНЫНДА 4 МЕКТЕП КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕЛДІ
13:01, 19 қазан 2020
АЙЫРТАУ АУДАНЫНДА 4 МЕКТЕП КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕЛДІ
Толығырақ...
БИЫЛ ОБЛЫСТА 52 ЕГІЗ БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
13:05, 23 қазан 2020
БИЫЛ ОБЛЫСТА 52 ЕГІЗ БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
Толығырақ...