ШҰҒЫЛ! КӨКШЕТАУДЫҢ КӨРКЕЙГЕНІ – ЕЛ ҮШІН МАҢЫЗДЫ Толығырақ

КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДАУ МАШАҚАТЫ

17:59, 1 тамыз 2019

Жылыту маусымы таяп келеді. Көппәтерлі үйлердің тұрғындары болса асығатын емес. Әкімдік апта сайын жиналыс өткізіп, жертөледегі құбырды жуып-шаю жөнінде хабарлама жасап жатыр. Осы күні 1086 көпқабатты үйдің 1 пайызы ғана  даярлық құжатын алған.

Облыс орталығында үлгілі үйлер саусақпен санарлық. Әкімдіктің  «5-ші линия 4» ПИК-іне айтар сыны жоқ. Барлық жағынан алып қарағанда, бәрі жақсы. 430 пәтерлік үйге Валентина Навиженная бас-көз болып отыр. Тұрғындарын тәртіпке үйреткен. Қаражат жинау жағынан қиындық көрмеймін дейді. Өз ісін жақсы білгендіктен көршілеріне сыйлы. Санитарлық техникадан хабары мол. Әрбір аспаптың қызметін бес саусағындай біледі.

ВАЛЕНТИНА НАВИЖЕННАЯ, ПИК ТӨРАҒАСЫ:

Жыл сайын жылыту маусымына ерте бастан қамданамыз. Дайындықты ерте көктемде, мамыр айында бастадық. Қазіргі таңда 16 элеватор сақадай сай. Мен жетекшілік ететін үйде 22 подъезд бар.  Құбырларды жуып-шаю жұмыстарына 160 мың теңге жұмсадық. Баспананы да күтіп ұстаймыз. Іші-сыртын жақсылап жөндедік. Үйдің шатырын , жертөледегі су құбырларын жаңасына алмастырдық. 

Әкімдіктегілердің сөзіне қарағанда,  3-ші кірпіш қысқа көшесіндегі  14-ші үй жылыту маусымына мүлдем дайындалмайтын көрінеді.  Бұл маңда күнде қырғын. 17 пәтерден үйдің күтіміне арналған міндетті төлемдерді жинау бір күш.  Оған қоса бұл баспанада басқару формасы жоқ.

ОЛЬГА БЕЛОВА , 3 КІРПІШ ҚЫСҚА КӨШЕСІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Біздің үй реестрде тіркелмеген. Үйді басқаратын адам жоқ. Жер төледегі құбырлар ауыстырылмағалы біраз болды. Онымен қоймай, тұрғындар ақша төлемейді. Сол себепті біз жылыту маусымына дайындалмаймыз. 

40-60 пәтерлік үйлерге ПИК-ін құру тиімсіз. Пәтер иелерінен жиналған қаражаттың барлығы салықпен жұтылып кетеді. Осы себептен көп баспанада басқару формасы жоқ.

МАДИЯР ЖАНГУДИНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ М.А:

Көбінесе екі қабатты үйде тұратындар жылыту маусымына мүлдем дайындалмайды. Хабарламаны апарған күннің өзінде мемлекеттік қызметшілермен қасарысып тұрып алады. Бізде пәтер иелері кооперативі жоқ деген сылтауды көп айтады. Нақ солар жылу таратушы компаниялардың атына шағым түсіреді. Бұдан былай біз жауапсыз үйлердің тұрғындарынан шағым қабылдамаймыз. 

ДЕНИС ВОЗНЯК, «ПЕТРОПАВЛ ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІ» ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Жыл сайын жылыту маусымына дайындалмаған үйлерді орталық жылу желілерінен ағытып тастаймыз.  Тұрғындар өз беттерімен пәтер ішіндегі қабырғаларды алып тастап, аумағын өзгертеді. Жылыту жүйесіне бей-берекет пластикалық құбырлар орнатады. Жылу радиаторларының санын өзгертеді. Жылыту жүйесін жуып-шаймайды. Салдарынан пәтерлеріне жылу қажетті мөлшерде жетпей жатады. 

Облыс орталығында 1086 көпқабатты үй тіркелген. Бүгінде 260-ы жылу құбырларын жуып-шайған. Ал даярлық құжатын 16 баспана ғана алыпты. Бұл сан жергілікті әкімдік пен жылу таратушы компанияны алаңдатып отыр.  Себебі, жылыту маусымына азғантай уақыт қалды. 

Берік ҚАСЕН

Тақырып бойынша материалдар

СҚО ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ С.ДҮЙСЕНОВ ӨМІРДЕН ОЗДЫ
20:55, 14 қараша 2019
СҚО ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ С.ДҮЙСЕНОВ ӨМІРДЕН ОЗДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ТҮМЕНДЕГІ ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНА 200 КІТАП СЫЙҒА БЕРІЛДІ
13:07, 12 қараша 2019
ТҮМЕНДЕГІ ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНА 200 КІТАП СЫЙҒА БЕРІЛДІ
Толығырақ...