ШҰҒЫЛ! 19 ҚАЗАН - ҚҰТҚАРУШЫЛАР КҮНІ Толығырақ

«MEN QAZAQPYN» МЕГА ЖОБАСЫНЫҢ АУДАНДЫҚ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛДЫ

17:52, 13 маусым 2018

QAZAQSTAN ұлттық арнасының «MEN QAZAQPYN» халықаралық мега жобасының аудандық іріктеу кезеңі аяқталды. Мамырдың 21-і мен маусымның 6-сы аралығында "QYZYLJAR" арнасының түсіру тобы мен қазылар алқасы Солтүстік Қазақстанның аудандарын аралап, тума таланттарды іздеді. Бүгін өңірлік комуникациялар орталығында өткен брифинг осы тақырыпқа арналды.

«MEN QAZAQPYN» халықаралық мега жобасына Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 50-ге тарта өнерпаз қатысты. Олар дәстүрлі ән, терме мен күй өнері бойынша сынға түсті. Олардың орындаушылық шеберлігін білікті мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады.

ЖАНАТ АЙТБАЕВ,  «MEN QAZAQPYN» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕГА ЖОБАСЫНЫҢ ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Өткен жылы жоба кәсіби деңгейде өтті. Аудандарды аралай жүріп, түрлі өнерпаздарды көрдік. Үлкен мега жоба болғандықтан, ар жаққа барып, осы елдің атынан шыққасын ішінен нағыз мықтыларды жібергіміз келеді. 20-сы күні көреміз. Облыстың абыройын қорғайтындай өнерпаздарды таңдап аламыз деп ойлаймын.

«MEN QAZAQPYN» халықаралық мега жобасының басты мақсаты ұлттық өнерді дәріптеу, еліміздің түкпір-түкпірінен шынайы таланттарды іздеп табу. Аудандық іріктеу кезеңіне кәсіби әншілермен қатар, білім беру, құқық қорғау, мәдениет сынды тағы басқа салалардың мамандары қатысып, бақ сынап көрді.

ЕРЛАН ТОҚШЫЛЫҚ,  "QYZYLJAR" ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

СҚО-ның 13 ауданына барып, түсірілім жасадық. Өткен жылы Қазақстан ұлттық арнасы өздері өткізсе, биыл біз жергілікті жерден қазылар алқасын тағайындап, олар үміткерлердің бабын өздері бағалады. Биыл біздің өңір республикада жақсы нәтиже көрсетеді деген үміттеміз.

«MEN QAZAQPYN» халықаралық мега жобасының облыстық кезеңі 20 маусым күні сағат 15.00-де Петропавл қалалық мәдениет үйінде өтеді. Дәстүрлі өнер додасында жүйріктердің бәйгесін көрем деушілерге есік ашық. Облыстық іріктеуде жеңімпаз атанған 1 әнші, 1 күйші, 1 термеші республикалық сайысқа жолдама алады.

Эльмира КӘЛЕНОВА

Тегтер: Петропавл жаңалықтары мен оқиғалары, Солтүстік Қазақстан облысының соңғы жаңалықтары, Петропавлдағы соңғы жаңалықтар, «MEN QAZAQPYN» халықаралық мега жобасы, аудандық іріктеу кезеңі аяқталды

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар