ШҰҒЫЛ! ЭЛЕКТР ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ Толығырақ

«НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕНГЕН ӨЗГЕРІСТЕР

17:58, 24 қаңтар 2020

Ел азаматтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге негізделген « Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2020 жылдан бастап өтініштер әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтардан қабылданады. Кейін қалған пәтерлер басқа салымшыларға тікелей брондау арқылы ұсынылады. Бағдарламаның негізгі операторы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бүгін салымшыларымен кездесіп, осы және тағы басқа өзгерістерді түсіндірді.

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Петропавлда 8 көпқабатты үйді, яғни 805 пәтерді беру жоспарланған. Шаршы метрі 140 мың теңге,бұл нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан . Былтырлары қолжетімді баспанаға әкімдікте кезекте тұрған азаматтар мен өзге салымшылар  тең жағдайда қатыса алса, биыл байқауға кезекте тұрғандар  бірінші болып өтініш береді. Үкімет енгізген бұл өзгеріс басқа салымшылардың наразылығын тудырды.

ҚАЙСАР ӘЛІМЖАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:  

- Меніңше заңды өзгерту керек. Біз кезекте тұрған бюджеттік мекемеде істейтіндерден, мемлекеттік қызметкерлерден айырмашылығымыз жоқ. Біз де Қазақстанның азаматымыз. Біз де салық арқылы мемлекетке қаржы береміз. Бізде де осындай құқық бар деп ойлаймын. 

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жергілікті филиалының директоры Алмас Жапабаевтың айтуынша,  мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғызылып жатқан үйлердің құрылысына жұмсалған қаражат субсидияланады. Бүгін қалалық әкімдікте 14234 адам пәтер кезегінде тұр. Бұл өзгерістердің басты мақсаты, кезек тізімін азайту.  

АЛМАС ЖАПАБАЕВ, «ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ» АҚ СКОФ ДИРЕКТОРЫ:

- Пәтерлер байқауы бұрыңғысынша бал бойынша ойнатылады. Өтініш берген адамның депозитінде пәтер құнының 20 процент болуы тиіс. Бұған дейін, қажетті соманы жинамағандар да қатыса беретін. Тағы бір өзгеріс, бағдарламаларға жеткілікті табысы барлар ғана қатыса алады. Мысалы әр отбасы мүшесіне шаққанда жалақысы 31183 теңгеден аз болса жалдамалы пәтерге әкімдікке  өтініш бере алады, табысы әр адамға 31 мыңнан 62 мыңға дейін болса  «Бақытты отбасы» бағдарламасына құжаттарын жинай алады. 

«Нұрлы жер» бағдарламасына қатысушылардың табысы әр отбасы мүшесіне шаққанда 96667 тегеден аспауы тиіс. Дмитрий Демьяненко жекеменшік компанияда жұмыс істейді. Ол банкте депозитті 3 жыл бұрын ашып, бүгінге дейін екі бөлмелі пәтердің 20 процентін жинаған. Көктемде өтініш берем деп жүрген. Алайда ойдағыдай болмай шықты. Енді бронға шығарылатын пәтерлерді  күтеді.

ДМИТРИЙ ДЕМЬЯНЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Банктің «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғызылып жатқан үйлердің бағасы қолжетімді.  Өткен жылы ағам осы банк арқылы алған еді. Алайда биылғы өзгерістер бойынша мен қатыса алмайтын болдым. Қазір өзге салымшылармен Жоғары билік органдарына хат дайындап, бағдарламаға өзгерістер енгізуді сұрап жатырмыз. Айталық, өткен жылы тапсырылуы тиіс, бірақ биылға қалдырылған  үйлерді бұрынғы шарттармен берсе, екінші әкімдік кезегіне бюджет пен әлеуметтік топтағы азаматтармен қатар, жұмыс істеп жүрген басқа салық төлеушілер де қойылса деп сұраймыз. Өтінішіміз орындалатынына үміттенеміз

Банк басшылығы да,  өз кезегінде амалдарды қолданамыз деп жатыр. Облыс әкімінің көмегімен құрылыс компанияларымен келіссөз жүргізіп,  оларды салымшылардың қалтасы көтеретін баспаналарды тұрғызуға шақырмақ.

Әсел ОРАЗБАЕВА

 

Тақырып бойынша материалдар

«БАСТАУ» ЖОБАСЫНА ӨТІНІШТЕР ҚАБЫЛДАНАДЫ
13:01, 21 ақпан 2020
«БАСТАУ» ЖОБАСЫНА ӨТІНІШТЕР ҚАБЫЛДАНАДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар