Петропавлда республикалық ақындар айтысы өтті

Петропавлда республикалық ақындар айтысы өтті. «Қош келдің, әз Наурыз!» атты дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген орақ тілді айтыскерлер қатысты. Шараның мақсаты: дарынды жастарды анықтау, айтыс өнерін насихаттау арқылы өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу. Суырып салма ақындар қоғамдағы мәселелерді тілге тиек етіп, түйткілді тақырыптарды қозғай білді.

12:13, 18 наурыз 2017   342

Облысымызда Соңғы рет республикалық айтыс осыдан  15 жыл бұрын ұйымдастырылған екен. Осынша уақыттан кейін ақындардың басын қосқан додаға келушілердің қарасы қалың.Шараға түрлі деңгейдегі сайыстардың жеңімпаздары, бірінен бірі өткен от ауызды ақындар қатысты. Қазылар алқасына айтыскер ақын Ринат Зайытов,   «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алмас Темірбай тағы басқа танымал журналист, жазушылар мүшелік етті. Айтыскерлерді бағалау барысында олар тіл тазалығына, тапқырлығына баса назар аударады.

Сахнаға бірінші шыққан жұп: Қарағандыдан келген Мақсат Ақанов пен тараздық Аруна Керімбек. Әзіл-шыны аралас қалжыңдар айтумен қатар, қоғамның өзекті мәселелерін тілге тиек етті. Жалғызбастылық, аралас неке, демография,    қала мен көше атауларын қазақшалау сынды тақырыптарды қозғады.Жезде мен балдыз болып қалжыңдасып,    бірін бірі қағытып, тыңдарманды күлкіге  қарқ қылды.

Мақсат республикалық, халықаралық, Аруна жастар арасындағы айтыстардың жеңімпазы. Бойжеткен Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің «Айтыс» бөлімінде оқиды. «Айтысқа келген әр адам өнерге жақын, саясат пен қоғамдағы мәселелерден құлағдар болуы керек»,-дейді Аруна.

Ал, мынау – Астанадан келген Дәулет Ерлан мен солтүстікқазақстандық Жұмабек Рақымов. Екеуі де талай рет республикалық айтыстарда өнер көрсетіп, қанжығаларын майлаған.Жерлесіміз Жұмабек «басты мақсатым жеңу емес, айтысты сағынған солтүстікқазақстандықтардың айызын қандыратындай өнер көрсету.-дейді.

Айтыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар диплом және ақшалай сыйақылармен марапатталады. Сондай-ақ, Тұрсынбек Кәкішев пен Ерік Асқаров атындағы арнайы сыйлықтар қарастырылған. Республикалық айтыстың толық нұсқасын «Қазақстан-Петропавл» арнасынан 21-22 наурыз күндері тамашалай аласыздар.

 

«Қазақстан-Петропавл» телеарнасының ресми сайты

150000, Петропавл қаласы, Брусиловский көшесі, 1 үй Байланыс телефондары: 8 (7152) 46-84-60