ШҰҒЫЛ! БАСЫМ САЛАЛАРҒА ИНВЕСТИЦИЯ МОЛЫНАН ТАРТЫЛДЫ Толығырақ

САДАҚА ОН ЕСЕЛЕНІП ҚАЙТАДЫ

17:28, 4 маусым 2020

Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші, кезекті сюжетімізді қайырымды жандарға арнамақшымыз. Осы күні ел ішінде қаражат жинап, мұқтаждарға қамқор болып жүрген жастар көп. «Ел үлесі-пәтерге» қайырымдылық шарасы аясында Тимирязев ауданында тұрмысы нашар отбасыға баспана берілді.

Елімізде тұрмысы нашар, көмекке мұқтаждар баршылық. Солардың бірі Гүлшара Бозжігітова. Жолдасы Евгений Матыспен 35 -ші жыл осындай жыртық, жамау үйде тұрып  жатыр. Отағасы ІІ-топтағы мүгедек. Қант диабеті салдарынан екі аяғынан айрылған. Жұбайы Гүлшара да шаруаға жарамай қалыпты. 

ГҮЛШАРА БОЗЖІГІТОВА, ТИМИРЯЗЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Бізде ешқашан жақсы тұрмыс болған жоқ. Әйтеуір жан бағып жүрміз. Әупірімдеп жүріп, қыстан аман шықтық. Көмір, отынды молынан жақтым, үйдің қабырға, едендері жылуды ұстамайды. Жақсы адамдар маған қол ұшын созды. Тұруға жарамды баспана алды. Осы ауылдың жастары біз көшетін үйдің іші-сыртын жөндеп берді. Бұл үйге қарағанда көшетін үйіміз әлдеқайда жақсы. Маңайы қоршалған. Бау-бақшасы, мал ұстайтын қорасы бар.

Қайырымды іске Тимирязев ауылының имамы Шоқан Ташев себепкер болған. Ол еңбекке қабілетті жастардың басын құрап, қайырымды іс істеуге үгіттепті.  

ДОСЫМ ЕСЛӘМОВ, ТИМИРЯЗЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Тимирязев ауылының имам Шоқан Ташев қайырымды істің басы-қасында жүрді. Ауылдың жастарын ұйымдастырды. Имам Гүлшара Бозжігітова апайыма тұруға қолайлы баспана алып беремін деп өз-өзіне серт беріпті.  Мен де имамның жолын қудым. Ертең сауабы тиеді. Жастарды жақсылық жасауға шақырамын.

Гүлшара Бозжігітова мен Евгений Матыстің қуанышына ортақтасуға өңір имамдары келді. Олар қайырлы істе тілектес, ниеттес болған адамдарға алғысын білдірді. 

АЯН АЛЫПҚАШОВ, ОБЛЫСТЫҚ «ҚЫЗЫЛЖАР» ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ:

- Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпеновтің тапсырмасына сәйкес және де «Зекет» қорының «Ел үлесі пәтерге» деген жобасының аясында мінекей кезекті баспана берілгелі отыр. Бұл іске Тимирязев ауданының имамдары, жомарт жандар, әкімдік атсалысты. Алла тағала баршаларыңыздың қадамдарыңызды сауаптан жазсын деп тілеймін.

Имамдар салтанатты түрде қоныс иелеріне баспананың кілтін табыс етіп, бісмілә деп таспасын қиды. 

Осылайша, «Ел үлесі - пәтерге» қайырымдылық шарасы аясында Қазақстан бойынша 229-шы баспананың кілті табыс етілді.  Бұл үйге Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Есіл және Тимирязев аудандары қаражат жинады. Қалтасында ақшасы  болмағандар, үйдің ішін әктеп, сырлау жұмыстарына атсалысыпты.  Осындайда, имамадар «Бос мақтан үшін берген 5 млн теңгеден көрі, ақ адал ниетпен ұсынған 5 теңгенің сауабы бар» - дейді. 

ШОҚАН ТАШЕВ, МЕШІТ ИМАМЫ:

- Пайғамбарымыз бір жаманның артында екі жақсы бар, бір садақа он еселеніп қайтады -дейді. Өмірдің өзі -сынақ. Қамшының сабындай қысқа. Осы кезеңде адамның  жиған-терген байлығын емес, көзі тірісінде жасаған жақсылығын айтады.  Әр адам шама-шарқынша қол ұшын созса, керемет.  Біздің елде алдымен өзімізді, өкінішке қарай, біз қиын жағдайды Алланы еске аламыз. Ал қуанышта ұмытып кетеміз. Осы сәл жүрекке бататын нәрсе.  Кәсіпкерлер бар, жоғарыда отырғандар бар. Сәл болса да көз ашылса дейміз.  Жағдайы төмендер өте көп. 

Осы күні қоныс иелеріне облыстық «ҚЫЗЫЛЖАР» орталық мешітінің атынан кір жуатын машина, ал аудан имамдары кілем сыйлады.

Берік ҚАСЕН

 

Тақырып бойынша материалдар

ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ КҮНІ ОНЛАЙН ФОРМАТТА ТОЙЛАНАДЫ
17:26, 10 шілде 2020
ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ КҮНІ ОНЛАЙН ФОРМАТТА ТОЙЛАНАДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

БАСЫМ САЛАЛАРҒА ИНВЕСТИЦИЯ МОЛЫНАН ТАРТЫЛДЫ
17:16, 10 шілде 2020
БАСЫМ САЛАЛАРҒА ИНВЕСТИЦИЯ МОЛЫНАН ТАРТЫЛДЫ
Толығырақ...