ШҰҒЫЛ! 19 ҚАЗАН - ҚҰТҚАРУШЫЛАР КҮНІ Толығырақ

ЗАҢСЫЗ САУДАНЫҢ ЗАЛАЛЫ КӨП

20:45, 15 мамыр 2018

Қаламыздың көркін заңсыз сауда орындары бұзып жатыр. Орталық көшелердің  бойында саңырау құлақтай қаптаған жайма және шағын дүңгіршіктерден  шаһардың тазалығына кері әсерін тигізуде. Саудагерлер, тіпті, аялдамалардың маңына жылжымастай жайғасып алған. Мұны қадағалайтын кімдер? Заңсыз жолмен тиыннан теңге құрап отырғандарға қандай шара қолданылады? Толығырақ тілшіміз Арайлым Әлібиқызы тарқатсын.

Қарасы үзілмейтін аумақтарға топтасқан «жабайы сауданы» жаппай жойып жіберу әзірге мүмкін емес сияқты. Қаланың сиқын қашырып, қалай болса солай жайрап жатқан тауар көрінісі – көрер көзге ерсі. Жұрт өзіне қажеттіні базарға бармай-ақ сатып алуға әуес. Жайма базардың арзандау үйме-жүймесіне үймелеуге үйреніп кеткен. «Арзанның жілігі татымас» дегендей, ондағы көкөністер әбден ыстыққа еріп, суыққа үсіп, болбырап, қарайып тұрған оғаштығы ойландырса игі еді. Ал, «жабайы сауда» жасап тұрғандарда санитарлық сертифи­кат­ бол­май­тын­дықтан, адамның сол жердегі өнім­нен уланғанын дәлелдеу қиын.

ЕРКІН ЫБРАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Тексеру жұмыстары жеке және заңды тұлғалардан немесе мемлекеттік органдардан өтінім келіп түскенде ғана жүргізіледі. Бірақ олар денсаулыққа кері әсері бар деген дәлел болған кезде  ғана жүзеге асады. Соңғы уақыттарда бизнеске әкімшілік ауыртпалықты төмендету қарастырылған. Осыған байланысты санитарлық ережелер де қайта қаралды. Көп адамдар қоғамдық көліктің тазалығына неге қарамайды деп жатады. Біз мұны заң тұрғысынан келгенде істей алмаймыз. 

Осылайша, «жайма базарға»  құқық қорғау органдары ғана төтеп бермек. Егер тәртіп бұзушылық анықталса  әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңның 204-бабына сәйкес саудагер жазаланады.  Дегенмен, олардың бүгінгі күнге дейінгі жұмыстары нәтиже көрсетпеген. Мәселен, өткен аптада көтерме сауда орталығына тексеру жүргізілді. Бірақ, олардың кетуін тасада тағатсыздана күткен саудагерлер сөмкелерімен мен қораптарын өткен-кеткендердің жолына тағы да жайып кеп жіберген.

- Мен бүгін бірніші рет шығып тұрмын. Заңды ма?  Зиян келтіремінбе? Оны білмеймін. Саяжайшымын. Басқа қайда барып сатамын? Орын  бермейді ғой. 

- Шынымды айтсам мен білмедім. Бұл жерге келіп, бірінші рет зат сатуым. 

Дегенмен, саудагерлер арнайы белгіленген орындарда сауда жасағысы келмейді. Салық төлеуден де, камераға түсіп қалудан да қашады. Қала тұрғындары да бұл сауда-саттық түрін құптамайды.

- Сөздің шыны керек, базар маңында заңсыз саудамен айналысатындар бізге көп кедергі келтіреді. Жүргіншілер жолын жауып тастайды. Олардың қандай, қайдан әкеліп сатып  тұрғанын кім білсін? Мұндай жерлерден мен алмаймын.

- Далада шаң басқан жерден зат алу өте қауіпті деп ойлаймын.

Ал бала-шағаның қамын алға тартқан саудагерлер бұл кәсіпті заңсыз санамайды.

- Бізге бала-шағаны асырау керек, айналайын! Өйтпесек, екі қолға бір күрек болар жұмысымыз да жоқ. Тым құрығанда, зейнетақымыз жоғары болса екен. Жайма базарымыз болмаса, отбасымды кім асырайды?

Мұнда сауда жасайтындардың дені  - зейнеткерлер мен саяжайшылар. Иә, олардың бау-бақшаларының өнімдері зиян келтірмейді, керісінше ол экологиялық таза және пайдалы. Деседе, оның сапасына ешкім жауап бере алмайды. Қазір  «жабайы сауда» базардың ішінде де, сыртында да еш тыйым-сыйымсыз жалғасып жатыр. «Наным бар, наным бар дегенше, жеп тынған артық» демекші, жаппай жауып тастауға сұранып тұрған нүктелердің нүктесін уақытында қойған дұрыс-ау.

Арайлым ӘЛІБИҚЫЗЫ, Яна ГЛАДКОВА

Тегтер: Петропавл жаңалықтары мен оқиғалары, Солтүстік Қазақстан облысының соңғы жаңалықтары, Петропавлдағы соңғы жаңалықтар, заңсыз сауда-саттық

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар