ШҰҒЫЛ! АУЫЛДАРДЫ СУМЕН ҚАМТУ Толығырақ

КИКБОКСТАН «СОЛТҮСТІК КУБОГЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

20:47, 14 ақпан 2020

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 31 жыл толады. Осыған орай облыс орталығында кикбокстан «Солтүстік кубогы» турнирі басталды. Дүбірлі додаға еліміздің 10 аймағынан 90-нан астам спортшы қатысып жатыр. Олар жарыс барысында «Фул-контакт» және  «К-1»    түрлері бойынша шын мықтыны анықтамақ.

Алғашқы болып шаршы алаңға 60 келі салмақ дәрежесінде Нұр-Сұлтандық Жалғас Нұрхан мен тараздық Ислам Барболов шықты. Олар фул-контакт сынында өз күштерін сынауда. Яғни, тек белден жоғары соққы жасауға болады. Бірінші раундтан бастап елордалық кикбоксшы басымдық танытып, қарсыласын 3-0 есебімен жеңіп, келесі айналымға өтті. Жалпы әр кездесуде 3 раунд қарастырылған. Әрқайсысына екі минуттан беріледі.

ЖАЛҒАС НҰРХАН, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ, НҰР-СҰЛТАН Қ.:

Кикбокспен айналысып келе жатқаныма 5 жыл.  Осы уақыттың ішінде Қазақстанның екі дүркін чемпионы атандым. Мен осы жарысқа бір ай дайындалып келдім. Және де осы жарыста чемпион боламын деп келдім. Қарсыласым жақсы. Сол ойнап алдап сол тәсілмен жеңіске жеттім.»

Бұл дода 2000-жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Жыл сайын қатысушылар саны артпаса , кеміген емес. Биыл оған қатысуға еліміздің 10 облысынан 90-нан астам спортшы ниет білдіріпті. Осы сайыстың қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан көрінген кикбоксшылар ел чемпионатына жолдама алады. Ол наурыз айында Қостанай қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, СҚО КИКБОКСТАН АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

«Солтүстіктің кикбоксшылары өте жақсы дамып жатыр. Дайындықтарымыз өте мықты. Солтүстікқазақстандық кикбоксшылар жалпы командалық есепте бірінші орыннан көріну үшін барымызды саламыз.» 

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 31 жыл толады. Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктері ешқашан ұмытылған емес. Бүгін олар дәстүрлі доданың құрметті қонағы болып отыр. Солардың қатарында Нұрлан Есмағамбетов та бар. Ол 1985-1987 жылдары сол аумақта әскери борышын өтепті.

НҰРЛАН ЕСМАҒАМБЕТОВ, АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

«Көптен көп алғыс айтамыз. Өзіміз соғыс көргесін, елімізде тиыштық, ынтымақ, бірлік болсын деп ойлаймыз. Біздің еліміз ынтымақ, бірліктің арқасында өркендеп жатыр.»

Жарыста ерлермен қатар әйелдер де өз күштерін ортаға салып жатыр. Тартысты турнирдің жеңімпаздары жексенбі күні анықталады.

Нұрбол БАЛҒАБЕКОВ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар