ШҰҒЫЛ! ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ТАЙЫНША АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ Толығырақ

ҚҰСБЕГІЛЕР ЖАРЫСЫ

18:09, 20 ақпан 2020

Қансонарда бүркітші шығады аңға... Қызылжар ауданындағы «Құлагер» ипподромында құсбегілердің 14-ші республикалық чемпионаты басталды. Бұл-өңірімізде ұйымдастырылып отырған осындай алғашқы жарыс. Аталмыш додаға  Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы мен еліміздің басқа да облыстарынан ең мықты деген құсбегілер жиналды.

«Өзімнің қолыма қондырып, жүрген құсым ғой. Жаным-ау. Міне бүгін бірінші рет бәйгеге түскелі тұр. Алла сәтін салсын енді.»

Ерзат Байқадамов- Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғап келіп отыр. Бүркіт баптауды осыдан 7-жыл бұрын бастапты. Тәжірибелі құсбегі әлі бір жасқа толмаған «Заңғар» деген құсын жарысқа алғаш рет қосып отыр.

 ЕРЗАТ БАЙҚАДАМОВ, ҚҰСБЕГІ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ:

- «Құстың бабын білу бұл өте қиын екен. Мен білдім деуім емес, бүркітті үйреніп жүріп, үйренген  жақсы екен. Оның табан майы бар, кеуде майы бар, мойын май бар. Бабы қиын екен атқа қарағанда. Өзіміз ат ұстап, тазы жүгіртіп жүрген қазақтың баласымыз ғой. Кезінде ата-бабамыз қалай дайындап, қалай білгенін соған өзіміз таңқаламыз. Бетімді желге тондырып, қыран қолыма қондырып, ат жалын тартып мінгенде, қиқулап шулап жүргенде ең қызығы осы ғой. Бәріне сәттілік тілеймін.»

Құсбегілік - елімізде жақсы деңгейде дамып келе жатыр. Бірақ, жасыратыны жоқ Қызылжарда бұл өнер кенже қалған. Сондықтан ұйымдастырушылар құсбегілердің 14-ші республикалық чемпионатын солтүстік өңірде өткіземіз деп шешіпті.

НҰРБОЛ БАЛҒАБЕКОВ, ТІЛШІ:

«Кұсбегілік-көшпенді халықтың салт-дәстүрі. Бүгінде ол ұлттық спорт түрі болып саналады. Жалпы, биылғы додаға 50-ден астам спортшы қатысып жатыр. Олар үш кезең бойынша жарысатын болады.»

Самғат Ғалымұлы Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайды. Бүркіт баптауды бала кезінен бастаған. Төрт жастағы құсына «Тұйғын» деген ат беріпті. Мұның да өз ерекшелігі бар.

САМҒАТ ҒАЛЫМҰЛЫ, ҚҰСБЕГІ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ:

«Қаршығаның бір тегі болады тұйғын деген. Өте алғыр болғандықтан тұйғын теуіп, ұстап, ұрып түседі деген. Өте жақсы ат деп есептейміз. Көзден жібермейді, алады деп ойлаймыз.»

Жарыстың бірінші күні бүркітшілер құсын қолға қондыру үрдісін көрсетті.  

БАЗАРБЕК КҮНТУҒАНҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰСБЕГІЛІКТЕН АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

«Ертең еркін ұшыру, шырғаға салу болады. Сосын кіші құстарымыз бар. Ителгі, қаршыға деген. Ителгіні қолға шақыру, кептерге салу болса, далбайға ойнату деген болады. Ал, қаршығаны қолға шақыру, кептерге салу. Осы үш түрінен жарыс өтеді. Әрқайсының көрсететін өнерлері әр түрлі. Ал үшінші күні қоянға салу тағы көре жатармыз.»

Жарыс үш күнге созылады. Үздік атанғандар ҚР спорт шебері атағын алады. Кейін ел сапына алынып, осы жылы Түркия елінде өтетін көшпенділер ойынына қатысады.

Нұрбол БАЛҒАБЕКОВ

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ 207 МЛН ТЕҢГЕ ҮСТЕМЕАҚЫ БЕРІЛДІ
13:04, 22 мамыр 2020
МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ 207 МЛН ТЕҢГЕ ҮСТЕМЕАҚЫ БЕРІЛДІ
Толығырақ...