ШҰҒЫЛ! ПРЕЗИДЕНТ ТАЛҒАТ ТЕМЕНОВТІ ҚАБЫЛДАДЫ Толығырақ

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ФЕСТИВАЛЬ

20:52, 1 шілде 2019

Жамбыл ауданында дүбірлі той өтті. Атбегілер көп жылдар бойы баптаған сәйгүліктерін бәйгеге қосты. Ал көкпаршылар мен палуандар күшін сынады.  Ұлттық спорт түрлерінен «Қызылжар – 2019» атты алғашқы ашық фестиваль өтті. Оған өңір аудандарының спортшылары – барлығы 800-дей адам қатысты.

Жамбыл ауданында дүбірлі той. Ұлттық спорт түрлерінен облыстың алғашқы фестивалі Пресновка елдімекенінен бастау алды. 13 ауданның өкілдері қатысқан спорт мерекесі 4 күнге шақталды, спорттың 14 түрінен өтті. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын қазақ үшін ең әсерлі сайыс – ат жарысы болды. Атбегілердің айтуынша, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Тайынша, Шал ақын аудандарының жылқылары сайысқа тыңғылықты дайындалыпты. 

Шабуға бапталған жылқылар 2000, 7000 метрді  еңсеруде.  Ұзақ қашықтықтарға  кей аудандар ғана сәйгүліктерін қосты. Жорға жарысына Ақжар, Тайынша және жамбылдықтар ғана аттарын жаратып әкеліпті. Бес тұлпардың  арасынан Қызылжар ауданынының Эделвейсі бірінші болып мәре сызығын кесті.  

РУСЛАН АРЫҚОВ, ҰЛТТЫҚ СПОРТ ОЙЫНДАРЫНЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ

17 шақырымдық Аламан бәйгеде де осы аудан бас жүлдені жеңіп алды. 15 жасар Нұрболат есімді шабандоз3 айналымда аттың басын тартып отырып, соңғы айналымдарда тізгінді босатқан екен. Бұл әдіс нәтижесін берді.

НҰРБОЛАТ БЕРІК, ШАБАНДОЗ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ:

- Аттың тізгінін тартып соңғы екі айналымға дейін күшін сақтап келді. Соңға айналымның жарты жолында бірінші келе жатқан сәйгүлікпен жағаласып келіп, қамшыны басып жеңісті жұүліп әкетті.

Жалпы ат жарысы 5 түрлі қашықтық бойынша өтті. Соның екеуінен Қызылжар ауданы олжалы болды.

ЖАНАТ ЕЛЕУСІЗОВ, ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР БОЙЫНША ҚЫЗЫЛЖАР ҚҰРАМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Бүгін 4 сәйгүлігімізді қосып едік. 4-еуі де олжалы болып жатыр. Бас бәйге аламан бәйгені де жеңіп алды. Аттың иесі Біржан Шәймерденовтың жылқысы.  Жуырда Көкшетауда үлкен бәйгені жеңіп алған.

Келесі бір жерде көкпар ойыны өтіп жатты. Бұл сынға 7 аудан қатысты. Ақтық кезеңге Ақжар және Жамбыл ауданы шықты.

Осы күні жұртшылық боз кілемде түйе палуандардың күресін де тамашалады. Мұндай белдесу түріне салмағы 82 келіден асқан жігіттер қатысты. Белдесіп жатқандардың бірі Дәурен Нұрғожин. Жерлесіміз екі қарсыласпен кездесіп, олардан айла-әдісін асырды.  

Бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алыныпты. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішевтың айтуынша, бұдан былай ұлттық ойындарға қолдау мығым болады. Облысымызда спорттық шараларды өткізуге бөлінетін бюджеттің 10 пайызы ұлттық ойындарға жұмсалады екен. Нақтылап айтқанда,400 млн теңге спортшылардың жолына, киім-кешектеріне бөлінеді.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

– Өткен жылы облыс әкімінің қодауымен «Қызылжар арландары» клубы ашылды. Нәтижесінде биыл біз республика көлемінде қазақ күресінен қола жүлдеге ие болдық. Сондай-ақ, ат спортына да ерекше көңіл бөлінуде. 2017 жылы «Тұлпар» клубы ашылған болатын. Осының арқасында барлық аудандарда ат спортының түрлері дами бастады.

Жалпы командалық есепте Жамбыл ауданы бірінші орынға шықты. Екінші  Ақжар ауданы. Ал үшінші, төртінші орындарды Ғ.Мүсірепов және Шал ақын аудандары бөлісті. 

Жеңімпаздар республикалық додаға жолдама алады. Келесі жылы ашық фестиваль Шал ақын ауданында өткізу жоспарлануда. 

Берік ҚАСЕН

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

САЯЖАЙ ӨНІМІ БАЗАРЛАРДА САТЫЛЫП ЖАТЫР
17:56, 20 тамыз 2019
САЯЖАЙ ӨНІМІ БАЗАРЛАРДА САТЫЛЫП ЖАТЫР
Толығырақ...
ОБЛЫСТА МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚОНДЫРҒЫЛАРҒА 4 МЛРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛАДЫ
17:52, 22 тамыз 2019
ОБЛЫСТА МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚОНДЫРҒЫЛАРҒА 4 МЛРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛАДЫ
Толығырақ...