
Универсиада алауы эстафетасы Петропавлдың бірнеше орталық көшесін қамтыды. Өңірге танымал қоғам қайраткерлері, спорт ардагерлері мен спортшылар 28-нші қысқы универсиада отын ұстап, 12 шақырым жүріп өтті. Барлығы шараға 60 адам қатысты.
Жоғары оқу орнынан бастау алған эстафетада спортшылар универсиада символы - алауды бір-біріне табыстап, қала көшелерімен жүріп өтті. Евней Бөкетов көшесі бойында факелді қазақ күресінен елдің бірнеше дүркін чемпионы, спорт ардагері Бауыржан Құлжанов қабылдады.
Универсиаданың алау эстафетасына қатысу біз үшін үлкен мәртебе дейді - жерлестеріміз. Олардың айтуынша, бұл өте маңызды миссия. Эстафета барысында шырақ ұстаушылардың жүздерінен қуаныш, қобалжу сезімдері білініп тұрды.
Алау эстафетасы барысында әр шырақ ұстаушы 200 метрді бағындырды. Армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алексей Баталов та алауды ұстап, Петропавлдың орталық көшелерінің бірімен жүріп өтті.
Байрақты бәсекеге Солтүстік Қазақстан облысынан 8 студент аттанды. Олар қысқы ойындардың 3 түрінен өнер көрсететін болады. Теріскейлік спортшыларға солтүстікқазақстандықтар зор үміт артып отыр.
Айта кеткен жөн, алау шеруіне 60 солтүстікқазақстандық спортшы, спорт ардагерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Аманжол НҰРТАЗИН