
Бастарына ақ орамал тартқан бірнеше ондаған әйел Даңқ обелискіне гүл шоқтарын қойып, Петропавлдың бас көшесімен жүріп өтті. Осылайша солтүстікқазақстандық нәзік жандар республикалық «Ақ орамал» акциясын қорытындылап, Елбасы ұсынған «Әлем. XXI ғасыр» манифестін қолдады. Қазақстан аналары, оның ішінде біздің өңірдің тұрғындары соғыс, лаңкестік пен зорлық-зомбылыққа қарсы екендігін білдіріп, бейбіт шеру ұйымдастырды.
Республикалық «Ақ орамал» акциясының соңғы күндері солтүстікқазақстандық әйелдер қауымы Даңқ обелискіне гүл шоқтарын қойып, майданда қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ескерткішке гүлдермен қоса, ақ орамалдар да қойылды. Өйткені ол көне заманнан татуласудың белгісі болып саналады. Бұдан соң әйелдер қауымы Петропавлдың бас көшесімен жүріп өтті. Акцияға қатысушылардың айтуынша, біздің әрқайсымыз ұрпағымыздың болашағы үшін жауаптымыз.
Ядролық қарусыз әлем бұл біздің болашақ ұрпаққа қалдырар ұлы мұрамыз. Сондықтан Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесті – құжат сіз бен біз өмір сүріп жатқан ғасырдағы бейбіт өмірдің кепілі болмақ. Бейбіт шеру Достық үйінде театрландырылған көрініс және концертке ұласты.
Анна КУЛИКОВА