ШҰҒЫЛ! ПЕТРОПАВЛДА МАЙДЫ ЭКСТРАКЦИЯЛАУ ЗАУЫТЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР Толығырақ

«ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛАРЫ ҰЛТЫН СҮЙГЕН»

13:07, 17 мамыр 2021

Өткен сенбіде Петропавлда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына және қазақ айтыс өнерінің қара нары Жүрсін Ерманның 70 жас мерейтойына арналған «Ұлытаудың ұлары ұлтын сүйген» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Сөз жарысына Қазақстанның түпкір-түпкірінен бас қосқан 15 ұл мен 1 қыз қатысты. Дүбірлі додада жүйрік атанған кім? Келесі сюжетке зер салайық.

Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Атырау мен Ақтөбе, Алматы қалаларынан келген мына от ауызды, орақ тілді жас ақындар түрлі облыстық, республикалық айтыстарда үздік атанғандар. Өздерінің суырып салмалығының арқасында барлығы да қазақ айтыс өнерінің қара нары атанған Жүрсін Ерманның «Жүйріктері» қатарына да қосылып үлгерді. Солардың қатарында, жерлесіміз, ақындар мектебінің шәкірті Диас Аяған да бар. Ол Тараздық Мұқағали Балтабаевпен жұпта айтысты.

ДИАС АЯҒАН, АҚЫН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ:

- Ол да талай жерде топ жарған. Талай бәйгеде жүлде салған. Өз елінің мақтанышы болған ақын сондықтан да бүгінгі аламанды қыздырып, елдің намысын қолдан бермей, халықтың қошеметіне ие болып жақсы айтыс жасаймыз деп ойлаймын.

Ақындарға берілген тақырып та оңай емес. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен ақын Жүрсін Ерманның 70 жас мерейтойы. Сөзге жүйрік, білгір, тапқыр 16 жас жыр-шумақтарында егемендіктің қастерлі ұғым, бабаларымыздан қалған мұра екенін айтып, Жүрсін Ерманның қазақтың төл өнері айтысты қайта жаңғыртудағы өлшеусіз еңбегіне тоқталды.

Нұр-Сұлтан қаласынан келген Бекзат Құлшар 10-шы сыныптан бастап ақындыққа бет бұрған. Содан бері бірнеше республикалық сөз жарысына қатысып, жүйрік атанған. Бекзат бұл додада да бас жүлдені қанжығама байласам ба дейді.

БЕКЗАТ ҚҰЛША, АҚЫН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ:

- Барлығы енді сен тұр мен атайын деген еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты ақындар. Бұл  жерде ешқандай осал ақын жоқ. Барлығы да ең мықты. Тәуелсіздік біз үшін Тәңірден келген тәтті сый. Біздер үшін жастар үшін оның қадірі аса жоғары.

Бұл айтыста жас ақындар  бір-бірін сынап, әзіл-қалжыңды шумақ-жырларын құрастырып, бір-біріне татымды жауап қайтарып, бар өнерлерін салды. Ал, олардың өнері, сөз саптаулары мен шеберлігін бағалаған қазылар алқасына жүйрікті анықтау қиынға соқты.

ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ, «ЖҰЛДЫЗ» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, АҚЫН:

- Әр айтыста біз көрермен боламыз, қазы боламыз. Біздің күтеріміз көп. Бүгінде жаңа есімдер шығып қалар. Біраз жастар келіпті. Осы өңірде өтуі де біз үшін қуаныш. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ,  АЙТЫСКЕР АҚЫН:

- Тақырып та үлкен. Елдің тәуелсіздігінен үлкен қандай тақырып болмақ. Сондықтан мемлекетіміздің тәуелсіздігін тілмен өріп, Жүрсін ағамыздың ақындық болмысын өздерінің ойларымен айтып жеткізе алады деп ойлаймыз. Біздің айтыс өнерінің болашағы үлкен осы жастардың ішінен шығады деп үлкен үмітпен келіп отырмыз.

Нәтижесінде бас жүлдені және 300 мың теңге сыйақыны семейлік Қабдолла Бейісхан,  бірінші орын  мен 200 мың теңгені Нұр-Сұлтан қаласынан келген Аян Ниязбек, екінші орын  және 150 мың теңгені оралдық Райымбек Өтепов,  үшінші орын мен  100 мың теңгені  қарағандылық Доскей Ботпай жеңіп алды. Сонымен қатар, жерлесіміз жас ақын Дияа Аяған Мағжан Жұмабаев атындағы арнайы жүлдеге ие болды.  Қалған қатысушылар да елеусіз қалмады, олар ақшалай сыйлық және алғыс хаттармен марапатталды.

Майгүл Сейілбек

 

 

Тақырып бойынша материалдар

«ҚУАНАМЫН» БИ СТУДИЯСЫНЫҢ ЕСЕПТІК КОНЦЕРТІ БОЛАДЫ
20:54, 9 маусым 2021
«ҚУАНАМЫН» БИ СТУДИЯСЫНЫҢ ЕСЕПТІК КОНЦЕРТІ БОЛАДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ПЕТРОПАВЛДА МАЙДЫ ЭКСТРАКЦИЯЛАУ ЗАУЫТЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР
13:03, 11 маусым 2021
ПЕТРОПАВЛДА МАЙДЫ ЭКСТРАКЦИЯЛАУ ЗАУЫТЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Толығырақ...