ШҰҒЫЛ! ӨҢІРДЕ ШЕКТЕУЛЕР ҚАТАҢДАТЫЛДЫ Толығырақ

ӘР АУДАНДА 5-6 СҮТ ФЕРМАСЫ БОЛУЫ КЕРЕК

17:16, 22 қыркүйек 2021

Облыстың әр ауданында кемінде 5-6 сүт фермасы болуы тиіс. Бұл міндетті облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мағжан Жұмабаев ауданына сапары барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жүктеді. Өңір басшысы 600 басқа арналып салынып жатқан ферманың құрылыс алаңында болды. Сондай-ақ Жастар мен Советское елді мекендерінде атқарылған жұмыстардың сапасын көрді.

"Пальчик" жеке кәсіпкерлігін өңір тұрғындары, әсіресе М.Жұмабаев жұртшылығы жақсы біледі. Бұл кәсіпорын дәмі тіл үйіретін сүт, қаймақ, ірімшік, май сынды өнімдерімен халықтың жоғары бағасын алып жүр. Жақында тізімді майлылық көрсеткіші 2 пайызды құрайтын сүзбе толықтырмақ. Өнім түрін шығару үшін басшылық арнайы нысан тұрғызып, заманауи қондырғы сатып алған.

РОСТИСЛАВ ПАЛЬЧИК, "ПАЛЬЧИК" ЖК ДИРЕКТОРЫ:

- Бұл сүзбені зертханаға апарып, сынамадан өткіздік. Сонда өте таза әрі сапалы деген бағаға ие болдық. Бұл біздің атқарып жатқан жұмысымыздың нәтижесі.

Кәсіпкер өндірісін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кеңейтті. Яғни, нысан тұрғызып, қондырғы сатып алуға жұмсалған 250 млн теңгенің бір бөлігін мемлекет ұсынған. Оның көмегімен күніне 700 келіге дейін сүзбе әзірлеуге болады. Жоспар бойынша бірер аптадан кейін өнім тұрғындарға сатыла бастайды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- «Қарапайым заттар экономикасы» - кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы бағдарлама. Сол себепті, оны мемлекет басшысы келесі жылға дейін жалғастыруға шешім қабылдады. Біз - елімізде ең көп сүт өндіретін өңірміз.Осындай жобаларды пайдаланып жұмыс істеу керек.

Бұдан соң облыс әкімі бронх-өкпе патологиясы және ковидпен ауырып тұрған пациенттерге арналған медициналық оңалту және қалпына келтіру бөлімшесінде болды. Бұл - бұрынғы туберкулез диспансері. Биыл өңірімізде, оның ішінде М.Жұмабаев ауданында бұл жұқпалы індетпен ауыратын науқастардың саны біршама азайғандықтан емдеу мекемесі қайта жабдықталыпты. Маусым айынан бері мұнда 165 солтүстікқазақстандық 12-14 күндік курстан өткен.

МАРИЯШ СЕЙТАХМЕТОВА, БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ:


- Біз емдеуші дәрігердің жолдамасы бойынша өңіріміздің түкпір-түкпірінен келетін жандарды қабылдаймыз. Мұнда адамдарға сапалы қызмет көрсетіледі.

Емдеу бөлімшесі бірнеше залдан тұрады. Әр бөлмеде түрлі медициналық оңалту және қалыпқа келтіру процедурасы жүргізіледі. Жаттығу жасауға да болады. Ол үшін спорттық қондырғылар қойылған. Бөлімше 30 адамға шақталған. Қазіргі таңда бұл жерде 17 кісі курстан өтіп жатыр.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Адамдарды осы жерге көбірек жіберіп, бұл жұмысты міндетті түрде жалғастыру керек. Өйткені, індетке шалдыққан жандарды оңалтуымыз қажет.

Жастар ауылында сүт фермасы салынып жатыр. Заманауи нысан "Қызылжар МТС Агро" серіктестігіне тиесілі. Келер жылдың күзінде қолданысқа тапсырылатын нысан 600 басқа шақталған. Осылайша ауданда сүт фермаларының саны үшеуге жетпек.

АРМАН УАТАЕВ, - "ҚЫЗЫЛЖАР МТС АГРО" ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

-  Заманауи ферманы тұрғызу үшін 3 млрд теңге инвестиция құймақпыз. Нысан ашылған соң жергілікті 20 адам жұмысқа қабылданады. Келесі жылы Германиядан симментал тұқымды ірі қара әкелмекшіміз. Корпустардың біріне немістердің сауу қондырғысы қойылады.


Әңгіме барысында облыс әкімі іскер жанға мемлекеттен көмек көрсетілетінін айтты. Алдағы уақытта мал және қондырғы сатып алу үшін жеңілдетілген несие берілмек. Аймақ басшысының сөзінше, әр ауданда кемінде 5-6 сүт фермасы болуы қажет. Сонда ауылдар дамиды, тұрғындардың тұрмысы түзеледі.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Өздеріңіз осы жерде тұрып, бәрін қадағаласыңыздар, адамдарға жалақы төлесеңіздер, жағдай жасаңыздар, жақсы жұмыс істелінеді. Үкімет те көмектесетеді. Жақсы жұмыс жасалса, қолдау көрсетіліп, ауылдар қалыпқа келтіріледі.

Жастар - дамып келе жатқан ауыл болса, іргедегі Советское - аудандағы ірі елді мекендердің бірі. Мұнда соңғы 2 жыл ішінде шамамен 1 млрд теңге бағытталып, ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Мысалы, елдімекендегі 12 көшенің 5-еуіне асфальт төселген, 100 жаңа шам орнатылған.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, М.ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Советское ауылында су таратушы желіні қайта қалыпқа келтіру үшін шамамен 563 млн теңге бөлінді. Жоба 2 жылға жоспарланған. Биыл іс толығымен аяқталады. Қазіргі таңда ауылдағы 112 үйдің тұрғындары суды баспаналарына кіргізіп алды.

Қазір Советское ауылында 470 үй бар. Жақында жаңа су таратқыш желі іске қосылады. Аймақ басшысы М.Жұмабаев ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде жергілікті дихандармен де кездесті. Биыл диқандар гектарынан орташа есеппен 13-14 центнерден өнім алып жатыр. Құмар Ақсақалов бұл осы жыл үшін жақсы көрсеткіш екенін айта келе, шаруаларға табыс тіледі және тұрғындарды жем-шөппен қамтуды тапсырды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

-  Ауылдық округтердің әкімдері әр үйге барып, қанша жем-шөп әзірленгеніне көз жеткізуі қажет. Кейін, сіздер арқылы тұрғындарды жеммен қамтимыз, ол қымбат болмауы тиіс. Тағы, әлеуметтік нанның бағасын сақтап қалу үшін тұрақтандыру қорына әр аудан 200 тоннадан астық өткізгені жөн.

Құмар Ақсақалов ауыл тұрғындарымен де кездесті. Ахметжан Қанышев - жергілікті мектепте мұғалім. Үйінде мал да ұстайды. Бірнеше бас сиыры, жылқысы мен қойы бар. Оларға жем-шөп әзірлеп қойыпты. Әйелі, қызы үшеуі қысқы мезгілге деп жеміс-жидек, көкөніс, құс етін де дайындаған екен. Сапар соңында өңір жетекшісі күрделі жөндеу көріп жатқан мәдениет үйіне де бас сұқты. Жартығасырлық ғимарат адам танымастай өзгереді. Облыс әкімі іске жауапты жандарға нысанның қасбетіндегі мозаиканы сақтап қалуды тапсырды.

 

 

Тақырып бойынша материалдар

ДИҚАНДАР БИЫЛ ОРТА ЕСЕППЕН ГЕКТАРЫНАН 11 ЦЕНТНЕРДЕН ӨНІМ АЛДЫ
17:15, 21 қазан 2021
ДИҚАНДАР БИЫЛ ОРТА ЕСЕППЕН ГЕКТАРЫНАН 11 ЦЕНТНЕРДЕН ӨНІМ АЛД...
Толығырақ...
ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
13:02, 20 қазан 2021
ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ОҚУШЫЛАР ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ҚОЛМА-ҚОЛ АҚШАСЫЗ ЕСЕП АЙЫРЫСА АЛАДЫ
17:17, 22 қазан 2021
ОҚУШЫЛАР ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ҚОЛМА-ҚОЛ АҚШАСЫЗ ЕСЕП АЙЫРЫСА АЛА...
Толығырақ...
ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР АЛАЯҚТАРДЫҢ АРБАУЫНА ТҮСТІ
17:23, 20 қазан 2021
ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР АЛАЯҚТАРДЫҢ АРБАУЫНА ТҮСТІ
Толығырақ...