Облыста коронавирусты жұқтырушылар саны артып келеді, «қызыл» аймаққа кіргендіктен оқу жылының 3-ші тоқсанында кей мектептер оқуды қашықтан бастады. Петропавлда тек 1-5 сынып оқушылары ғана дәстүрлі форматта білімін жалғастырды. Білім ордаларында санитариялық талаптар қаншалықты сақталған? Сыныптарды зарарсыздандыруға қажет керек-жарақтар жеткілікті ме? Тілшінің бейнематериалына назар аударайық.
Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейде 428 бала білім алады. Білім ордасында оқушы саны 600-ге жетпегендіктен үшінші тоқсан сабақтары дәстүрлі форматта басталды. Алайда мұнда барлық сақтық шаралары қолға алынған. Мектеп ұстаздары толық вакцинациядан өтті. Бастауыш сынып оқушылары оқу орнына 4 кезеңдік тексерістен өтіп кіреді, жоғары сыныптар үшін тексерудің 5 кезеңі енгізілген.
АЛМАГҮЛ ОСПАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
- Облыста 74 мыңнан астам оқушы бар.Барлығы 472 мектеп жұмыс істейді.Бала саны 600-ден төмен ауыл,аудан,қала және арнайы мектептер штаттық режимде оқып жатыр. Петропавл қаласында оқушы саны 600-ден асатын 22 мектеп бар. Бұл мектептердің 6-11-ші сынып оқушылары қашықтықтан білім алуда. Қажет болған жағдайда ата-аналардың өтінішімен бала компьютерлік техникамен қамтамасыз етіледі.
11 сынып оқушылары үшін дәстүрлі форматта білім алу өте маңызды. Бұл мемлекеттік тестілеуге дайындықты күшейтеді. Диана Байболова болашақта психолог болғысы келеді.
ДИАНА БАЙБОЛОВА, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
- Мектепте мұғалімдермен еркін тілдесе аламыз.Түсінбей қалған сұрақтарымызды қойып, тақырыптарды талдаймыз. Мен дәстүрлі оқытуды қолдаймын. ҰБТ-ға дайындалу үшін қолайлы.
2 ауысымда оқытатын білім ордасы барлық санитариялық талаптарды сақтаған. Мұнда «бір сынып – бір кабинеті» қағидаты енгізілген.
Алмагүл Тастанова