Солтүстік Қазақстан облысында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың, республикалық жасөспірімдер олимпиадасының және облыстық "жоғары лига"олимпиадасының өңірлік кезеңдері аяқталды. Бүгін Оқушылар сарайының қабырғасында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
18-23 сәуір аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданының қорытынды кезеңі өтті. Олимпиада республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының «Ustudy» орталық базасында ұйымдастырылды. Сайыс қорытындысы бойынша солтүстік қазақстандық жеткіншектер 24 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде біздің оқушылар 19 қола, 4 күміс және 1 алтын иеншіледі. Бүгін оқушылар сарайында білім басқармасының басшысы Назир Жашибеков олимпиада жүлдегерлеріне құрмет грамоталары табыстады.
НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ , ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Осындай Олимпиада бірінші кезекте оқушылардың дамуына себепкер болатынын түсінуіміз керек. Жеткіншектер бойында қазірден бәсекелестік рухының жоғарылауына мүмкіндік береді.Бәсекелестік болған жерде даму болады.
Марапаталғандар арасында республикалық олимпиада жүлдегерлерімен қатар облыстық кезеңнің 38 жеңімпазы және жаңадан пайда болған Жоғары лига олимпасының жеңімпаздары болды. Оларды облыстың зияткерлік элитасы деп санауға болады. Дарина Сәрсенбаева Есіл ауданы Корнеевка орта мектебінде білім алады. 8 сынып оқитын бойжеткен алдымен аудандық , кейіннен облыстық тур жеңімпазы атанды.
ДАРИНА СӘРСЕНБАЕВА , ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗЫ:
- Қосымша дайындықты қажет етпедім. Олимпиадаға дайындаған ұстазыма алғыс білдіремін. Облыстық кезеңде қатысушылар саны көп болмаса да қатты қобалжыдым. Ұстазымның сенімін ақтағаныма қуаныштымын.
Республикалық олимпиада жеңімпаздары жақын арада Солтүстік Қазақстан университеті ректорының грантын алу мүмкіндігіне ие болады. Қазір бұл мәселе пысықталып жатыр.