Елде «омикрон» штамы күш алып келеді. Коронавирустың жаңа түрі бүкіл өңірге таралды. Сол себептен де тәуліктік көрсеткіш күрт өсіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Соңғы айда коронавирус 20 есе өсіп, Түркістаннан басқа өңірлердің бәрі «қызыл аймаққа» өтті. Әсіресе, екі мегаполис - Нұр-Сұлтан мен Алматы және Қарағанды облысында сырқаттану деңгейі күрт өсті. Коронавирусқа шалдыққандардың 60 пайыздан астамы осы үш аймақта. Бірақ, жаңа штам көп жағдайда жеңіл және симптомсыз өтеді. Ауырғандардың дені, яғни 80 пайызы амбулаторлы ем қабылдап жатыр. Науқастарды үйде емдегені үшін дәрігерлерге 3 жалақы көлемінде қосымша үстемақы төленеді. Бірақ, дерт дендегенмен, елде ревакцинациялау баяу. Екпенің қосымша дозасымен халықты қамту 30 пайызға да жеткен жоқ. Премьер-министр бұған жұмысына салғырт қараған әкімдерді кінәлады.