Көп ұзамай өңірге коронавирусқа қарсы екпенің тағы 2800 дозасы жеткізіледі. Бұған дейінгі 1200 доза негізінен медицина мамандарына қойылса, енді кез келген адамның иммунитет қалыптастыру үшін екпе алуына болады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингіне денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері қатысып, аймақтағы короновирус инфекциясының ағымдағы жағдайы туралы айтып берді.
Пандемия басталғалы 600 мектеп оқушысы вирусты жұқтырған. Оның 341-рі офлайн режимде оқыған. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты 10 ауылдық мектеп қашықтан сабақ беріп жатыр.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Қызылжар ауданының Соколовка орта мектебі елді мекенде жағдай тұрақталғанша карантинде болады. Сивково және Кустов орта мектебі де қашықтан оқуға көшірілді. Бұлардың қатарында М.Жұмабаев ауданының Қарақоға, Полтавка, Еңбекшіқазақ орта мектептері, Пролетар бастауыш мектебі, Тайынша ауданында Ильичевка орта мектебі, Уалиханов ауданының Бидайық және Ғ.Мүсірепов ауданының Салқынкөл орта мектетері де бар.
Облыс коронавирустың таралуы бойынша «жасыл аймаққа» енді. Алайда, әлі де науқастар тіркелуде. Өткен тәулікте вирусты 38 адам жұқтырды. Басым бөлігі Петропавл тұрғыны. Инфекциялық стационарларда қазір 244 адам ем қабылдап жатыр. Бұл жалпы орынның 20 процентін құрайд.
ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Жағдай біртінден тұрақтанып жатыр. Мұны науқастар санының азаюынан көріп отырмыз. Облыста вирусқа қарсы екпе егу шаралары жүргізіліп келеді. Көп ұзамай медицина қызметкерлеріне екпе егу аяқталады. 1200 екпенің 900-зы қойылды. «Спутник V» атты вакцина Қарағандыда шығарылып жатыр. Алдағы уақытта тағы 2800 доза жеткізіліп, кез келген адам өзіне қойдырта алады.
Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша 28 ақпаннан бастап карантин режимі жеңілдетіледі. Мешіттерде 5 мезгіл намаз оқуға, ал ауыл мешіттерінде жұма намазына 30 адамнан асырмай жиналуға рұқсат берілді. Сауда үйлер мен ойын сауық орындары, кинотеатрлар мен дәмханалар , мойшалар жексенбі күндері де келушілерді қарсы алып, жұмыс уақыттарын ұзартады. Қала аралық автобустар жолаушыларды қайта тасымалдай алады.
Әсел ОРАЗБАЕВА