Бүгіннен бастап 60 жастан асқан тұрғындарға коронавирусқа қарсы Файзер екпесі қойыла бастады. Осыған орай Петропавлдағы 1-ші қалалық емхана мамандары тұрғындарға телефон шалып, екпе алуға шақыруда.
Жалпы, бүгінге дейін емдеу мекемесінің қызметкерлері 3196 адамға дертке қарсы вакцина салған. Мамандардың сөзінше жақында анықталған ковид-19 вирусының «Омикрон» деп аталатын штамы адам өміріне өзге вирустардан әлдеқайда көп қауіп төндіреді. Мұнымен қоса екпелерге төзімді болып келеді. Қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталатын «Омикронның» көріністерінің бірі қатты жөтел болуы мүмкін, дейді дәрігер Әлия Жанбутина.
ӘЛИЯ ЖАНБУТИНА, ПЕТРОПАВЛДАҒЫ № 1 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
- Қазіргі таңда «Омикрон» Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында анықталды. Ол басқа вирустармен салыстырғанда әлдеқайда қауіпті, өйткені тез тарайды. Адам оны жұқтырса тамағы ауырып, қатты жөтеледі. Сол себепті, тұрғындар қоғамдық орындарда маска киіп жүрулері тиіс. Және де ең алдымен емханаға барып дертке қарсы екпе алулары қажет.