Халықты иммундау науқаны жалғасуда. Солтүстік Қазақстан облысында 257 мыңға тарта адам "COVID-19"-ға қарсы екпенің қос компонентін де алған. Ал ревакцинациядан өткендердің саны 35 мыңға жуықтайды. Сюжетке назар аударайық!
Бүгінде тұрғындардың бірі ревакцинациядан өтіп жатса, енді бірі екпенің алғашқы компонентін алып жатыр. Петропавлдық Дмитрий Попов бүгін "Vero Cell" вакцинасының 2-ші дозасын қойдыруға келіпті.
ДМИТРИЙ ПОПОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
- Бұған дейін екпеге сеніңкіремей жүрдім. Сол себепті, вакцина алуға асықпадым. Бірақ, таяуда жақыным қауіпті індеттен көз жұмды. Бұл жағдай менің вакцинаға деген көзқарасымды өзгертті.
Ал Лидия Воронкова вакцинаны толық алғандардың бірі. Араға 6 ай салып ол №3 қалалық емхананың отбасы денсаулығы орталығына қайта келіп отыр. Бүгін жұбайы екеуі ревакцинациядан өтпек.
ЛИДИЯ ВОРОНКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
- Жазда "Спутник V" екпесін алдық. Бүгін отандық "QazVac" препаратын салдырамыз. Әр адам иммундау шарасынан өтуі тиіс. Өз басым вакцина туралы ешқандай қауесетке сенбеймін.
Жалпы, №3 қалалық емхананың отбасы денсаулығы орталығына ревакцинацидан өтуге күніне 10-нан астам адам келеді екен.
ФАРИЗА АХМЕТЖАНОВА, №3 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ОТБАСЫ ДЕНСАУЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕ ДӘРІГЕРІ:
- Біз қала тұрғындарына қоңырау шалып, екпе алуға шақырамыз. Екпені алғаш рет алуға келгендерге "Спутник V" ұсынылады, аал ревакцинация барысында "QazVac" екпесі салынады. Сондай-ақ, жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және бала емізетін аналарға "Pfizer" вакцинасы қойылады.
Өткен жылдың №3 қалалық емханада вакцинациядан 7700-ге тарта адам өткен.