Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ювеналды полиция қызметкерлері оныншы сынып оқушыларымен арнайы кездесу өткізді. Іс-шара барысынды тәртіп сақшылары балаларға қауіпсіздік ережелері туралы дәріс оқыды. Полиция департаменті баспасөз қызметі дайындаған сюжетке назар аударайық.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы мен қалалық ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы жадынамалар таратып және құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті түсіндіре отыра оқушылармен арнайы дәріс өткізді. Жол көлік оқиғасының алдын алу, су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау, өрт қауіпсіздігі және педофилияның алдын алу. Кездесу барысында осы сынды бірқатар маңызды мәселе көтерілді. Бұдан бөлек, оқушылармен жеке жоспар бойынша облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың қызметкерлері де жұмыс істеді. Олар балаларға арналған залдарға экскурсия ұйымдастырып, кітапхананың каворкинг-аймақтарын көрсетті.
АНЖЕЛИКА КОНДРАКОВА, № 10 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ:
- «Іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Өте керемет болды, маған бәрі ұнады. Мен бұл кітапханаға жиі келем. Ал дәріс өте өзекті әрі пайдалы болды. Балалардың қатысуымен қайғылы жайттарды болдырмау үшін осындай шараларды жиі өткізіп тұру керек деп есептеймін.»
Қазір жазғы каникулдың қызған шағы. Осы орайда тәртіп сақшылары балаларға жолда, табиғат аясында мұқият болуға кеңес берді. Сондай-ақ ересектерсіз түнгі қалада серуендеуге болмайтынын ескертті.
АЙГҮЛ КӘРІМОВА, СҚО ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:
- «Ата-аналарға үлкен өтініш: балаңыздың кіммен араласатынын бақылауда ұстаңыз. Түнде баланың үйден тыс болуына жол бермеңіз. Балаңыздың үйге уақытында оралуын қатаң бақылаңыз. Бұл өте маңызды.»
Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысты жұмыстар жалғасады.