Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты түзету мекемесіне тыйым салынған заттарды алып өтпек болған петропавлдық ұсталды. Ол жазасын өтеп жатқан сотталушылардың біріне 3 ұялы телефон мен 2 SIM картасын кіргізіп бермек болған. 41 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мамандардың сөзінше ер адам ЕС-164/3 мекемесінің аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізетін автокранның жүргізушісі болып жұмыс істеген. Колония ішіне кіріп-шығып жұмыс істейтін ол сотталғандардың біріне қаржылай сыйақыға 3 ұялы телефон, 2 сим-карта және пакетті бермек болған. Құқық бұзушы өз кінәсін мойындады. Бұл әрекеті үшін ол айыппұл төлеп әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айта кеткен жөн, бұл түзету мекемесіне тиым салынған заттарды кіргізудің 2-ші фактісі.
РУСТАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
- Дәл осындай жағдай өткен жылдың аяғында тіркелді. Яғни сотталушының туысқандары аяқ-киімнің табанын тесіп, астына телефон тығып кіргізбек болған. Алайда бұл амал-айла іске аспай, біздің мамандарымыздың мұқият тексеруі барысында тиым салынған зат анықталды.
Майгүл Сейілбек