Облыстық полиция бөліністерінің қызметтік бөлмелеріне бейнебақылау камералары орнатылды. Нәтижесінде Ішкі істер органдарының әкімшілік ғимараттарының кабинеттері мен барлық учаскелік полиция пункттерінде 1200-ге жуық камера қойылды. Бейнежазба Жедел басқару орталығына түседі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын орындау мақсатында, бұл жұмыс өткен жылы қолға алынды. Ішкі істер органдарының әкімшілік ғимараттарының кабинеттері мен барлық учаскелік полиция пункттерінде 1192 камера орнатылды. Аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы бейнежазба Жедел басқару орталығына түседі.
Руслан Назаров, СҚО ПД бастығының орынбасары:
- Мұндай формат қызметті ашық етуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен басқа да бұзушылықтардың алғышарттарын жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттерінің ашықтығын қамтамасыз ету, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану және ұсталған адамдардың тарапынан арандату фактілерінің алдын алу мақсатында аумақтық полиция бөлімшелерінің арнайы мекемелерінің барлық бөлмелерінде сыртқы және ішкі бейнебақылау орнатылған. Бұл камералардан түсірілген видео кезекші бөлімшелердегі мониторда көрінеді.
Ұсталғандармен жұмыс жүргізетін полицейлердің қызметін бақылау жүйесін жетілдіру ұдайы жүргізіліп тұрады. Бұдан бөлек, арнайы мекемелерде адам құқықтарының бұзылуына жол бермеудегі және алдын алудағы тиімді тетік – Ұлттық превентивті механизм өкілдерінің арнайы мекемелерге баруы, құқық қорғаушылардың жеке қабылдаулар өткізуі.
Руслан Назаров, СҚО ПД бастығының орынбасары:
- Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің тарапынан азаптау немесе өзге де қандай да бір бұзушылықтар расталған жағдайда заңнамамен көзделген барлық шаралар қолданылатын болады.
Полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағыммен облыстық ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының 8(7152) 61-26-89 телефон нөміріне жүгінуге болатынын еске саламыз.