ШҰҒЫЛ! «АҚ БИДАЙ-2022» ЖАЗҒЫ СПОРТТЫҚ МЕРЕКЕСІ БАСТАЛДЫ Толығырақ

ДОСТЫҚ ПЕН ТАТУ КӨРШІЛІК ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

20:30, 21 шілде 2022

Су тапшылығы барлық аймақтың азық-түлік, энергетика және экология саласындағы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді. Орталық Азия елдері басшыларының IV Консультативтік кездесуіне қатысқан Президент осылай деп мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Сырдария мен Әмудария өзендерінің ағысы бірнеше есе қысқарғанын айта келе, шұғыл шара қабылдауды ұсынды. Жиында аймақ қауіпсіздігі үшін маңызды құжат достық пен тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісіміне қол қойылды. Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуінен Ақерке Бектас тарқатады.

АҚЕРКЕ БЕКТАС, ТІЛШІ:

- Шолпан ата – Қырғызстан астанасы Бішкектен 265 шақырым жерде Ыстықкөл жағасының солтүстігінде орналасқан шағын қала. Шаһардың небары 12 мыңнан аса тұрғыны бар. Есесіне осы жаз айларында көрші елдерден ақ құмды жағажай мен Ыстықкөл үшін шипажайға келетін туристер аз емес. Былтыр Авазада бас қосқан Орталық Азия мемлекеттері басшылары биыл бауырлас елдерді алаңдатқан мәселелерді талқыға салу үшін осы Шолпан ата қаласына жиналды.

ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді өзге алаңда емес, бұл жолы 5 ел аймақтың ынтығамына жол ашу үшін өз алаңына жиналды. Тараптар бұған дейін үш рет кездескен. Алғаш Қазақ астанасында бас қосып, бірқатар мәселенің түйіні тарқады. Дегенмен бес ел бірлесіп ғана шеше алатын мәселе соңғы кезде артып барады. Оның үстіне әлемдегі геосаяси жағдай, санкцияның салқыны Орталық Азия елдерін айналып өтпейтіні белгілі.

- Көліктен түсу, қол алысу, орталыққа кіру

Консультативтік кездесуде бірінші баяндама жасаған Қасым-Жомарт Тоқаев бес елмен өзара сауданы 15 млрд долларға дейін жеткізуді ұсынды. Жалпы 5 жылда Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 42%-ке өсіп, 6 млрд доллардан асқанын еске салайық. Мемлекет басшысы аймақтық қауіпсіздік мәселесіне ерекше тоқталды. Шекарадағы әрбір атыстың жаңғырығы өзге елдерге естілмей қоймайды. Президент даулы мәселені тек бейбіт жолмен шешуге шақырды. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Біз мемлекеттер көшбасшылары өңірдегі әлі де сақталып отырған тұрақсыздық факторларын барынша жою үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, қазіргі дағдарыс жағдайында біздің мемлекеттер қайшылықты еңсеру үшін өркениетті, жауапты істің үлгісін көрсетуі тиіс.

 Екі жылдан бері жаһандық пандемия салдарынан шектеудің көбеюі нарықта онлайн сауданы арттырудың маңызды екенін көрсетті. Әсіресе тауар экспортына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерін алдағы онлайн-көрмеге өнімдерді бірлесе шығаруды ұсынды. Мысалы, Alibaba-да өткен соңғы көрмеде тек Ресей ғана 50 мыңнан аса тауар түрін ұсынған. Биыл Қазақстан бұл алаңда Ұлттық павильонын ашқан 18-ші ел болды. Онда 130-ға жуық компания 7500 тауар түрін саудалайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- 2020 жылдан бергі жалпы сауда 167 миллион долларға жетті. Бірақ әрине, бұған тоқмейілсуге болмайды. Әлі де әлеуетіміз бар. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайту қазір көп жағдайда инвестиция тартуға бағытталған шаралардың тиімділігіне байланысты. Халықаралық сарапшылар алдағы 10 жылда біздің шетелден тікелей инвестиция тарту әлеуетімізді шамамен 170 миллиард доллар, соның ішінде шикізаттық емес секторға шамамен 70 миллиард доллар көлемінде болады деп болжап отыр.

 Орталық Азия үшін шикізатқа байланған экономиканы әртараптандыру – ортақ проблема. Сарапшылар да бұл мәселеде 5 мемлекет бірлесе жұмыс істегенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады дейді. 

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

- Экономиканы әртараптандыру мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген, жолға қойылмаған.  Шикізаттық экономикадан арылу деген мәселе барлығына өзекті. Сондықтан бұл жерде 5 мемлекет бірлесе жұмыс істесе, яғни өзара экономикалық шекараларымызды ашып, бір-бірімізбен инвестиция алмасып, жалпы ортақ нарық қалыптастыратын болсақ, онда экономикалық өсімге қолайлы жағдай туғызатын еді.

 Қазақстан «Мазари-Шариф – Кабул – Пешевар» бағытындағы теміржол құрылысына атсалысуға дайын. Біз теміржол құрылысына қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, вагондар ұсына аламыз. Президент Шығыс Азия мен Парсы шығанағын байланыстыратын ең қысқа бағыт «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолын белсенді пайдалануға шақырды. Жақында Иранға сапары барысында Түрікменстан мен Иран аумағы арқылы Қазақстаннан Түркияға алғашқы контейнерлік пойыз іске қосылған еді. Жаңа бағыт 12 күнде 6 мың шақырымды өткеруге мүмкіндік береді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Дегенмен біздің елдерге өз арамыздағы көлік коммуникациясын дамыту мәселесін де естен шығаруға болмайды. Қазір біз бұл бағытта Өзбекстанмен белсенді түрде ынтымақтастық орнаттық. «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің іске қосылуы өткізу әлеуетін 2 есе арттыруға, ал жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Түркменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» жаңа автожолын салуды құптаймыз. 2025 жылдан бастап «Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы» автожолы учаскесін қайта салу жоспарланған.

 Тағы бір өзекті мәселе – климаттың өзгеруі. Бұл дүние жүзін алаңдатып отырған сұрақ. Алайда халықаралық сарапшылар әсіресе біздің аймақ температурасы планетаның басқа бөлігіне қарағанда әлдеқайда жылдам жылып келетінін айтады. Бұл су тапшылығына әкеледі. Орталық Азияда су мәселесі бұрыннан өзекті. Мұздықтар көлемі 50 жылда 30 пайызға кішірейген.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Болашақта бұл Сырдария мен Әмудария өзендерінің ағысын бірнеше есе қысқартады. Бұның барлығы аймақтың азық-түлік, энергетика және экология салаларындағы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр. Сондай-ақ шұғыл шара қабылдауды талап етеді. Бұл ретте, Қырғызстанның 2022 жылды Тауларды тұрақты дамытудың халықаралық жылы деп жариялау жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Бұдан бөлек, Тәжікстанның 2025 жылды Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы деп жариялау жөніндегі ұсынысын да уақытылы енгізілген бастама деп санаймыз.

Тараптарды Ауғанстандағы жағдай да алаңдатып отыр. Террористік күш, саяси қайшылық пен этносаралық араздығы басылмаған бұл елден тыныштық кеткелі қашан. 20 жыл бұрын әскерін кіргізген АҚШ-тың аймақтан кетуі билікке тәліптердің келуіне себеп. Мұндағы халықтың әлеуметтік жағдайы туралы айтпаса да түсінікті. Аймақ елдері гуманитарлық көмек көрсеткенмен, мәселе шешіле қоймайды. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Ауғанстан мәселесінде бес елдің біріге шешім қабылдауын ұсынып отыр.

САДЫР ЖАПАРОВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Біз Ауғанстандағы жағдай бойынша бірлесіп жұмыс істеу үшін бір-бірімізбен, әсіресе БҰҰ және аймақ елдерімен белсенді әрекет жасауымыз керек. Оларға халықаралық лаңкестік және есірткімен күресуге көмектесу қажет. Аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесіне ішкі істерге араласпау принциптері  көмектеседі. Қырғызстан өз кезегінде бұл үдеріске белсенді үлес қосуға дайын.

АҚЕРКЕ БЕКТАС, ТІЛШІ:

- Консультативтік кездесуде Орталық Азияда бүкілаймақтық телеарна немесе ақпараттық сайт ашу туралы да ұсыныс айтылды. Жиын соңында тараптар маңызды құжат - бес елдің орнықты дамуы үшін достық пен тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, келесі кездесуді Тәжікстан астанасы Душанбеде өткізуге уағдаласты.

Тақырып бойынша материалдар

ПРЕЗИДЕНТ МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ МУЗЕЙ-ҮЙІНЕ БАРДЫ
20:32, 21 шілде 2022
ПРЕЗИДЕНТ МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ МУЗЕЙ-ҮЙІНЕ БАРДЫ
Толығырақ...
ПРЕЗИДЕНТТЕР БЕЙРЕСМИ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
17:17, 21 шілде 2022
ПРЕЗИДЕНТТЕР БЕЙРЕСМИ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар