ШҰҒЫЛ! МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР БЕРІЛДІ Толығырақ

ҚАЗАҚСТАН-ФРАНЦИЯ ҚАТЫНАСЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

20:31, 29 қараша 2019

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның бизнес өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынасты тұрақты әрі жоғары деңгейде деп бағалады. Сондай-ақ, Франция Қазақстанның Еуропалық одақ аясындағы негізгі серіктесі екенін және еліміздің екіжақты ықпалдастықты дамытуға баса мән беретінін айтты.

Қазақстандағы инвестициялық ахуал жыл өткен сайын жақсарып келеді. Инвесторлар біздің елдегі тұрақтылықты, қолайлы инвестициялық жағдайды жіті түсінді. Нәтижесінде, Еуропадағы ең беделді компаниялар Қазақстан нарығына қомақты қаржы құйып, бірігіп жұмыс істеуге мүдделі. Соның бірі әрі берегейі осы Француздар. Қазіргі сәтте осы елдің капиталының қатысуымен біздің нарықта 160-тан астам трансұлттық компания жұмыс істейді. Олардың арасында әлемге аты мәшһүр «Орано»,  «Алстом», «Эйр ликюд», «Эйрбас» сынды компаниялар бар. Екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 32 пайызға өсіп, 4,5 млрд долларға жетіпті.

 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ|:

- Биылғы көрсеткіштерде де оң қарқын байқалады. 9 айдың ішінде тауар айналымы 5,5 пайызға өсіп, 3,4 миллиард долларға жетті. Жалпы Қазақстан экономикасына салынған француз инвестициясының көлемі 16 миллиард долларға жуық.

Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстанда бизнес ахуалдың одан сайын жақсаратындығын жіті түсіндірді. Яғни, елімізде кәсіпті кедергісіз дамытудың нақты әрі тиімді бастамалары іске асырылып жатқаны айтты. Осы ретте, француз бизнесмендерін

екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, сенімді серіктес болуға шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазақстанның бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде мүмкіндігі зор. Елімізде 25 миллион гектар егістік пен 186 миллион гектардан астам  жайылымдық жер бар. Бұл орасан зор ресурс және резерв. Географиялық тұрғыдан біз үлкен әрі жоғары төлемқабілеттілігі бар Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Индия нарықтарына жақынбыз.

Қазақстанда инвесторларды қызықтыратын, айрықша назарын аударатын жобалар жетерлік. Соның бірі цифрлық экономика құрудағы серпілістер. Қолында қомақты қаржысы бар шетелдік инвесторлар бұл бастаманы жоғары бағалайды. Осы ретте мемлекет басшысы цифрлық экономиканы жетілдіруде етене араласып, ынтымақтастық орнатудың маңызы зор екенін жеткізді. Сонымен қатар, Француздың бизнес өкілдерін  қаржы секторындағы іс-қимылдарды кеңейтуге және «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысуға шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Елімізде Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркі секілді инновациялық кластерлер жұмыс істейді. Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі ашылды. Біз Қазақстанда француздық инновациялар мен технологияларды енгізу үшін мейлінше қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит инфрақұрылымын дамыту мәселесіне айрықша тоқталды. Қазақстан арқылы Азия мен Еуропаны жалғайтын халықаралық көлік дәлізі өтетінін, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұштасатын «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Көліктік және туристік әлеуетті арттыру мақсатында еліміздің жетекші әуежайларында «ашық аспан» жүйесі енгізілгенін айтты. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Мен Қазақстанның аспаны ашық болуы керек деген шешім қабылдадым. Осы жүйе 11 әуежайға енгізіліп, барлық әуе компаниялары арасында, оның ішінде қазақстандықтар да бар, тиісті бәсекелестік ұйымдастырылады. Бұл жолаушылар тасымалы тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ, Қазақстан мен Еуропа арасында жүк тасымалын ұйымдастыратын еліміздің авиациялық мүмкіндіктеріне оң ықпал етеді.

Франция тарапы Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жоғары бағалайды. Қолында қомақты қаржысы бар кәсіпкерлері біздің елмен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Қазақстан-Француз іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ив-Луи Даррикаррердің айтуынша, Франция бизнесі бірлескен жобаларды дамытуға дайын.

ИВ-ЛУИ-ДАРРИКАРРЕР, ҚАЗАҚСТАН-ФРАНЦУЗ ІСКЕРЛІК КЕҢЕСІНІҢ ТЕҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Мен француз компанияларының Қазақстанның кәсіпорындарымен ұзақ мерзімге негізделген ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін айтқым келеді. Олар қосымша жобаларды дамытуға үмітті және қазақстандық билікпен жұмыс істеуге әзір, – деді Ив-Луи Даррикаррер.

Мемлекет басшысымен кездесуге Францияның ең беделді және әлемдегі танымал компанияларының басшылары келді. Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жоғары бағалаймыз деген ортақ ойларын жеткізді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев осы іс-шараның Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстарды нығайтуға септігін тигізетініне, өзара тиімді жаңа жобалардың бастауы болатынына сенім білдірді. Айта кетейік, Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға сапар жасайды және ол  екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Тақырып бойынша материалдар

ЖАЛҒА БЕРГЕН ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ ҚАЙТАРЫЛАДЫ
20:34, 12 желтоқсан 2019
ЖАЛҒА БЕРГЕН ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ ҚАЙТАРЫЛАДЫ
Толығырақ...
МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ
20:33, 12 желтоқсан 2019
МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ
Толығырақ...
МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ
20:32, 12 желтоқсан 2019
МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨНЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ
20:58, 10 желтоқсан 2019
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨНЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ
Толығырақ...