ШҰҒЫЛ! «ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ» Толығырақ

«ОТПАНТАУ-2021» ӘСКЕРИ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ

20:33, 23 қыркүйек 2021

Қарулы Күштердің техникалық әлеуетін арттыруға басымдық беріледі. Әскеріміз шетелдік және отандық өндірісте жасалған тура соққы жасайтын зымыран кешендерімен жабдықталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Отпантау-2021» әскери оқу-жаттығу кезінде айтты. Маңғыстаудағы Оймашы полигонында  өткен  ауқымды жиын әскеріміздің әзірлігін тосыннан тексерудің қорытынды кезеңіне дөп келді. Қарулы Күштердегі оқу-жаттығулар қыркүйектің басынан бері жүргізіліп келеді. Тексеріс нәтижелері қандай? Сарбаздарға көрсетілер қолдау жайы қалай?  тілшіміз Шерхан Жамбылұлы баяндайды.

Бұл еліміздегі ең ауқымды оқу-жаттығулардың бірі. Қарулы күштердің барлық дерлік құрылымдары жұмылдырылған.  9 мың әскер, 3 мың техника, 66 ұшақ пен 8 кеме. 7 бірдей полигонда кенеттен тексеру жұмыстары қатар жүрді.  

Әскерилер мемлекет басшысына жауға қарсы қоладанатын тың тәсілдерді көрсетті. Сценарий бойынша әуеден де жерден де шабуылдар жасалып, танк бригадалары ұрыстың жаңа әдісін қолданды.

ЖАННҰР САТҚЫНОВ,  «БАТЫС» ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ ТЕҢІЗ ЖАЯУ ӘСКЕРЛЕРІ БРИГАДАСЫНЫҢ КОМАНДИРІ:

- Бұл оқу-жаттығудың ең басты ерекшелігі заңсыз қаруланған топтармен жаңа тәсілде ұрыс әдісін жүргізу. Дәл осы оқу жаттығуда «Сақ қорғаны» , «Үңгір шоқпар» секілді әдістерді қолданамыз. Біздің сауытты техникаларымыз күтпеген жерден шығып ұрыс-атыс дайындығын, тойтарыс беру мақсаты. 

Шығыс пен Оңтүстік аймақтарда қатар өткен жаттығулар бір орталықтан басқарылып, онлайн тәртіпте  бақылауға алынды. Мемлекет басшысы Отпантаудың тарихы бабаларымыздың ерлігі мен елдіктің айқын көрінісі екенін еске салды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Ерлеріміз туған жерді қорғау үшін жорыққа Отпантаудың бауырынан аттанған. Осы жерде ұлт тағдырын шешетін маңызды жиындар өткен. Бұл игі дәстүр қазіргі күнге дейін жетіп отыр. Біз батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Сонымен бірге дәстүр сабақтастығын сақтаймыз. Ең бастысы, байтақ даланы ұрпағына мирас еткен бабалар аманатына адал болып, Отанымызды қорғаймыз.

Жоғары бас қолбасшы әскерилердің әзірлігін жоғары бағалады.  Президент ел басына күн туа қалған жағдайда жауынгерлеріміз жауға тойтарыс беріп, басым түсетініне сенімді екенін жеткізді.

 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Армияда үнемі жаңғыру үдерісі жүргізіледі. Бұл заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге дайындығымызды қамтамасыз етеді. Арнайы операциялар жүргізетін күштер, барлау бөлімдері мен арнаулы мақсаттағы бөлімшелер қарқынды дамып келеді. Диверсиялық әрекеттерге  қарсы іс-қимылдар пысықталады. Тура соққы жасайтын қарулар мен ұшқышсыз басқарылатын құралдар кеңінен қолданыла бастады.

Жаһан қас пен көздің арасында сан құбылып, қауіпсіздік үлкен мәселеге айналды. Аймақтағы геосаяси ахуал да күрделі. Бұндай жағдайда әскерилермен қатар жергілікті әкімдіктер де жедел әрекетке дайын болуы маңызды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ :

- Жеке құрам мен техниканы өз жүрістерімен, теміржол және әуе қатынастары арқылы жылжыту жұмыстары пысықталды. Бұл Қарулы Күштердің стратегиялық ұтқырлығын, қауіп төндіретін негізгі бағыттар бойынша әскери топтарды жедел құру мүмкіндігін көрсетті. Штабтардың шұғыл жағдайлар кезіндегі үйлесімді жұмысын, жоғары технологиялы қарулар мен әскери іс-қимылдарды жоспарлау әдістемелерінің қолданылуын көрдік. Әкімдіктердің де дайындық деңгейінің жоғарылағанына куә болдық. Қазіргідей «стресс-тестілеу» кезінде олардың рөлі әскери құрамдардан кем түспейді.

Темірдей тәртіпке бағынған жауынгерлерді де әлеуметтік мәселелер толғандырады. Мемлекет ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған сардарларға әрдайым қамқорлығын аяған емес. Алдағы уақытта әскерилердің жалақысы едәуір көбейеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қаржыландыру мәселесі кезең-кезеңімен артып келеді. Биылдан бастап әскери қызметшілердің лауазымдық еңбекақылары 35 пайызға өсті. Алдағы екі жылда орташа есеппен 60 пайызға жоғарылайды. Барлық санаттағы әскери қызметшілер үшін тұрғын үй мәселесі заңнамалық тұрғыдан шешілген. ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда қазақстандық әскердің әлеуметтік топтамасы – бәсекеге қабілетті. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесі әрдайым мемлекет басымдық беретін салалардың қатарында болады. Күшті әскер – қуатты егемен Қазақстанның кепілі.

 Білекті, жүректі, епті жігіттер әскери оқу-жаттығу кезінде кез келген қауіп қатерге сақадай сай екендерін көрсетті.

ОЛЖАС ҚУАНДЫҚОВ, ТЕҢІЗ ЖАЯУ ӘСКЕРІ РОТАСЫНЫҢ КОМАНДИРІ:

Сондай-ақ президент арнаулы мақсаттағы бөлімдердің дайындығын тексеріп, қару-жарақтар мен техникалардың заманауи түрлерін көрді. Ақтаудағы әскери госпиталь мен Маңғыстау облысындағы авиациялық инфрақұрылымның құрылыстарына қатысты презентациямен танысты.

 

Тақырып бойынша материалдар

ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 10 ЖЫЛ
20:38, 27 қазан 2021
ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 10 ЖЫЛ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ОҚУШЫЛАР ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ҚОЛМА-ҚОЛ АҚШАСЫЗ ЕСЕП АЙЫРЫСА АЛАДЫ
17:17, 22 қазан 2021
ОҚУШЫЛАР ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ҚОЛМА-ҚОЛ АҚШАСЫЗ ЕСЕП АЙЫРЫСА АЛА...
Толығырақ...
ҚЫЗМЕТТІК ИТТЕРДІҢ КӨМЕГІМЕН 9,5 КГ ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ
17:20, 22 қазан 2021
ҚЫЗМЕТТІК ИТТЕРДІҢ КӨМЕГІМЕН 9,5 КГ ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ
Толығырақ...
ОБЛЫСТА ІНДЕТ БАСТАЛҒАЛЫ 268 АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ
13:04, 22 қазан 2021
ОБЛЫСТА ІНДЕТ БАСТАЛҒАЛЫ 268 АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ
Толығырақ...