Қазақстандықтарды үлкен өзгеріс күтіп тұр. Мемлекет басшысы референдумда дауыс бергеннен кейін осылай деп мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Елордадағы оқушылар сарайында орналасқан 59-ыншы учаскеге келіп, өз таңдауын жасады. Президент мемлекет пен қоғам арасындағы қатынас өзгеретінін айтты. Адам құқықтары бірінші орынға шығады. Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Халықтың жартысынан көбі бүгінгі саяси шараны қолдап дауыс берсе, Парламент пен партияларға қатысты заңнамаларға өзгерістер енгізіледі. Мұның бәрі ел дамуы үшін жасалып жатыр. Елдің қоғамдық өміріне өзгерістер енгізуді көздейді деді Президент.