ШҰҒЫЛ! ОБЛЫСТА КОРОНАВИРУС ІНДЕТІН 3-ШІ АДАМ ЖҰҚТЫРДЫ Толығырақ

ҰЛЫ АБАЙҒА 175 ЖЫЛ: ТОЙЛАУ РЕСМИ БАСТАЛДЫ

20:31, 21 қаңтар 2020

Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлау ресми басталды. Жыл он екі айға созылатын кешенді жоспардың алғашқы шарасы бас қалада «Астана опера» театрында өтті. Кемеңгер ақынның мерейтойына арналған салтанатты концертті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көппен бірге көрді. Альбина Әшім әңгімелеп берсін.

Ләйлә Баймағамбетова бүгін ерекше толқып жүр. Өйткені Абай атасының мерейтойын елмен бірге елордада тойлау - үлкен мәртебе. Ләйлә апай - хәкімнің үлкен ұлы Ақылбайдың немересі. Ұлтының ұлағатты ұстазына айналған ұлы Абайдың ұрпағы болудың жауапкершілігі зор екенін айтады.

ЛӘЙЛӘ БАЙМАҒАМБЕТОВА, АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ҰРПАҒЫ:

- Ол өте жауапты, біз адалдыққа, білімге ұмтылып, бәріміз жоғары білім алдық. Бәріміз еңбекті сүйіп, еңбек етіп, еңбекпен, міне, зейнетке де шықтық. Балаларым, немерелерім Абайдың өлеңдерін жатқа біледі.

Абайдың өзі де ұлы, сөзі де ұлы. Сондықтан қазақтың нар тұлғасына құрметін Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев та көрсетті. Ұлы ойшылымыздың рухын асқақтатып, мол мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығын елбасы да, қазіргі президент те үнемі айтып келеді. Ал бұл жолғы мерекелеудің басты ұстанымы: той тойлау емес, ой толғау. Сондықтан мерейтойдан кейін де ел мерейін өсіріп жүретін игі шаралар атқарылмақ.

АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

- Абай туралы бірнеше деректі фильм және телесериал түсіру жоспарланып отыр. Мерейтой аясында шет елдерде бірқатар маңызды шаралар өткізіледі. Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» ашылады. Бұл – әлемге ақынның еңбектері мен ұлттық құндылықтарымызды қатар таныту деген сөз. Ақынның ғибратты ғұмыры халқымыздың төл өнері – айтыс арқылы да кеңінен насихатталады.

Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері 10 тілге тәржімәланады. Бүгінгі концертте те жасөспірімдер ұлы ақынның шығармаларын сол озық он тілде мәнерлеп оқып берді.

Олардың 24-і халықаралық, 21-і республикалық деңгейде ұйымдастырылса, қалғаны, яғни, басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысында өтеді. Өңір басшысы өлкенің ұлы тойға әзірленіп жатқанын жеткізді.

ДАНИАЛ АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Ең маңызды мәселе: ол енді ғылыми халықаралық конференция. Англияда үлкен көрме өткіземіз. Абайдың жұмысын, соңғы кездердегі археологиялық жұмыстарды апарамыз. Оның аты «Ұлы даланың алтыны» болады.

Шаралардың шарапаты ақынның туған жеріне тиері анық. Мерейтойға орай Жидебайдағы Абайдың музей үйі, Абай-Шәкірім кесенесі мен Семей қаласындағы бас музейді абаттандырып, көріктендіру көзделген.

ЖАНДОС ӘУБӘКІР, АБАЙДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЖӘНЕ ӘДЕБИ-МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бұлардың барлығы тойдан кейін қалатын мағыналы істер деп ойлаймын. Абай мұрасын зерттеуге арналған өтетін ғылыми конференцияның маңызы ерекше. Өйткені әрбір айтылған ой Абайды тану үшін тың деректер болады деп есептеймін.  

Былтыр жазда басталған Абай өлеңдерін оқу челленджі биыл да жалғасын тапты. Бала да, қария да, әкім де, қара да Абайдың даналағын, даралығын ұғынады. Тағылымын алып, тағзым етеді. Киелі сахнада Асанәлі Әшімов, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев сынды Қазақстанның халық әртістері ұлы Абайдың өлеңдерін мен әндерін қайта жаңғыртты. Бата берілді, той басталды. Ендігі кезек сіз бен бізде. Абайды оқып, көңілге тоқиық.

Тақырып бойынша материалдар

АРДАГЕРЛЕР ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ МАҚҰЛДАНДЫ
20:32, 1 сәуір 2020
АРДАГЕРЛЕР ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ МАҚҰЛДАНДЫ
Толығырақ...
КАРАНТИНДІ ҰЗАРТУ МӘСЕЛЕСІ ӘЗІРГЕ БЕЛГІСІЗ
20:31, 1 сәуір 2020
КАРАНТИНДІ ҰЗАРТУ МӘСЕЛЕСІ ӘЗІРГЕ БЕЛГІСІЗ
Толығырақ...
КОРОНОВИРУСТАН ТАҒЫ БІР НАУҚАС КӨЗ ЖҰМДЫ
20:31, 31 наурыз 2020
КОРОНОВИРУСТАН ТАҒЫ БІР НАУҚАС КӨЗ ЖҰМДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ ТАПСЫРЫС ЖАСАЙТЫНДАР АРТТЫ
17:18, 27 наурыз 2020
ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ ТАПСЫРЫС ЖАСАЙТЫНДАР АРТТЫ
Толығырақ...