ШҰҒЫЛ! ПРЕЗИДЕНТ «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ Толығырақ

ӘЛЕУЕТІ АРТҚАН АУЫЛ

13:01, 15 қараша 2019

Биыл «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында Аққайың ауданында оңтүстіктен қоныс аударған отбасыларға арналып 32 үй салынды. Соның үшеуі Полтавка селолық окуругінде. Мұнда биыл екі   үйелмен көшіп келген. Әлеуеті артып келе жатқан ауылға тек күнгейден ғана емес басқа аудандардан да халық қоныс аударуда. Өйткені елдімекенде жақсы өмір сүруге барлық жағдай жасалған.

Мынау күнгейден қоныс аударған ағайынға арналып салынған жаңа баспаналар. Олардың бірін Түркістан облысы, Арыс қаласынан келген Венера Қасанова иеленбек. Солтүстікке маусым айында көшіп келіпті. Қазір өзі жергілікті «Полтавское» ЖШС аспаз, ал жолдасы дәнекерлеуші болып еңбек етеді.

ВЕНЕРА ҚАСАНОВА, ПОЛТАВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Қоныстандыру бағдарламасы жайлы есітіп, бірден көшіп келуге аударуға шешім қабылдадық. Бізді жақсы күтіп алды. Уақытша тұруға баспана да берді. Енді міне жаңа үйіміздің құрылысы аяқталды. Жуық арада осында қоныстанмыз. Балаларымыз мектепте оқып жатыр. Жұмысымыз бар, жалақымыз жақсы.

Ал Аида Қыдырбекова болса «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келіпті. Мамандығы медбике. Қазір жергілікті фельдшерлік акушерлік орталықта жұмыс істейді. Отбасында 7 адам. Жұбайы, үш баласы мен ата – енесі. Күйеуі «Еңбек» бағдарламасы бойынша оқу курстарынан өтіп, мемлекеттен 500 мың теңге қайтарымсыз гран алыпты. Енді өз кәсібін бастауды көздеп отыр.

АИДА ҚЫДЫРБЕКОВА, ПОЛТАВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Осы жұмыс істейін деп, құжаттарымды жинап келдім. Осыған дейін балалармен декретте отырдым. Енді кішігірім жұмыс бастасам ба деп өз мамандығым бойынша. Мамыр айының 18-де келдік осында. Келген кезде әкім қабылдады. Көмектесті, азық-түлігімізді берді. Осында келгенде азық-түлігіміз болған жоқ.

Жаңа баспаналардың құрылысы аяқталды, қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Полтавка селолық округінің әкімі Ольга Семенюктің айтуынша оңтүстіктен келген отбасылар желтоқсан айында жаңа үйлерге орналасады.

ОЛЬГА СЕМЕНЮК, ОЛТАВКА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

- Көшіп келген отбасылардың жұмысқа жарамдыларын барлығын еңбекпен қамтыдық. Баспаналары  толық дерлік дайын. Енді 1 желтоқсан тұңғыш президент   күніне орай  қоныстандырамыз.

Жыл санап ауылдың әлеуеті артып келеді. Елді мекеннің экономикалық, әлеуметтік жағынан дамуына жергілікті «Полтавское» ЖШС өзіндік үлесін қосуда. Мысалы ауыл халқын жұмыспен қамтып, қажетті мамандарды тартуға көмектесуде. Одан қалды ауылға мектеп салуға қаржылай қолдау жасап жыл сайын көмірмен қамтамасыз етіп отыр. Балаларға арнап ойын алаңқайларын салып, мәдениет үйін қалпына келтіріпті. Бірнеше көшеге асфальт төсеп, ауылға орталықтандырылған су желісін де тартқан. Енді міне елді мекен тұрғындары үшін жаңа фельдшерлік акушерлік пункт салды. Жоба құны 24 млн теңге.

НҰРСҰЛТАН ТІЛЕКТЕСОВ,ТІЛШІ:

- Бұл фельдшерлік акушерлік пункт 5 бөлмеден тұрады. Мұнда дертіне шипа іздеп келетіндерге үш маман: дәрігер, медбике, санитар қызмет көрсететін болады. Жылу бар. Орталықтандырылған су желісіне  де қосылған. Бір сөзбен айтқанда барлық жағдай жасалған.

Мына ескі ғимарат ауылдың қазіргі фельдшерлік акушерлік пункті. Ескіні жамасаң, есің кетеді демекші жыл сайын жөндеу жұмыстары жасалғанымен пайдасы жоқ. Қысты күні іші суық, әрі тар. Науқастарды қабылдауға ыңғайсыз.

МАКСИМ ЯЦКЕВИЧ, ДӘРІГЕР:

- Жаңа фельдшерлік акушерлік орталықтың ашылуын көптен күттік. Өйткені қазіргі ғимараттың тозығы жеткен. Жаңа орталықта күніне 70-80 науқасты қабылдауға мүмкіндігіміз болады.

Ауылда жайлы өмір үшін барлық жағдай жасалған. Дегенмен шешілуі тиіс бір түйткіл бар. Елдімекен көшелеріне асфальт керек. Аудан атқа мінерлерінің айтуынша бұл мәселе 2025 жылға дейін толықтай шешімін таппақ. Айта кететін жайт, келер жылы    оңтүстіктен қоныс аударатын отбасыларға арналып ауылда  тағы үш баспана салынады.

Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ГАЗЕТТІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН БИЛЬЯРД ТУРНИРІ
13:08, 9 желтоқсан 2019
ГАЗЕТТІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН БИЛЬЯРД ТУРНИРІ
Толығырақ...
ОБЛЫС ӘКІМІ АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
17:57, 6 желтоқсан 2019
ОБЛЫС ӘКІМІ АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Толығырақ...