Кәсіпкерлердің жанайқайы! Жергілікті әкімдікке қарайтын «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бизнес субъектілері алдындағы берешегі 500 миллион теңгеден асқан. Бұл проблема бірнеше ай бойы шешімін таппай келеді. Осыған байланысты кәсіпкерлер облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Олар мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес өткізді. Оған бизнесмендерді, билік өкілдерін және прокуратура қызметкерлерін шақырды. Бұл туралы арна тілшілері толықтырады.
Жеке кәсіпкер Александр Ушаков осыдан бір жарым жыл бұрын жергілікті әкімдікке қарайтын «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен қаланы абаттандыру бойынша келісім-шартқа отырған. Ол кезде коммуналдық мемлекеттік мекеме өкілдерінен шартта келісілген ақшасын сұрайды. Алайда олар әлі күнге дейін толық сомманы төлемеген. Александр Сергеевич осы мәселе бойынша сотқа да жүгінген.
АЛЕКСАНДР УШАКОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:
- «Шарт бойынша жалпы сомма 43 миллион теңге. Олар тек 27 миллионын ғана жапты. Сот отырысында мен жәбірленуші деп танылдым. Сот «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қалған сомманы төлеуге міндеттеді. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Сот орындаушысы да бұл сомманы өндіре алмайды. Себебі, барлық шоттар бос болып шықты. Енді не істерімді білмеймін.»
Белгілі болғандай, Петропавл әкімдігіне қарайтын «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бизнес субъектілері алдындағы қарызы 500 миллион теңгеден асқан. Бүгінде оларға қатысты 18 атқарушылық іс қозғалған.
ОЛЕГ ХРУПИН, ЗАҢГЕР:
«2019 жылы «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылды. Бірақ, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мұндай кәсіпорынмен тағы да келісім-шартқа отырған. Бұған оларға кім рұқсат берген? Бұның бәрін кім бақылаған? Прокуратура өкілдері қайда қарап отыр? Енді осы бассыздықтың кесірінен қаншама бизнес субъектілері зардап шегіп отыр.»
Отырыс барысында қалалық әкімдік өкілдері бұл заңбұзушылықтарды мойындады. Тіпті, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бірақ, ақшаның қашан төленетіні жайында тиісті жауап бере алмады. Жиын соңында облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес субъектілеріне осы мәселе бойынша қала прокуратурасына келісім-шарттың қалай жасалғаны және ақша қаражатының кірісі мен шығысын қарау жөніндегі сұрақпен жүгінуді ұсынды.
Нұрбол Балғабеков