«Құлеке батыр» тарихи драмасы көрерменге жол тартты. Қойылым Абылай ханның оң қолы болып, елшілік қызмет атқарған, батыр әрі тарихи тұлғаның 320 жылдығына орай ұйымдастырылған. Оның авторы ақын, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері - Баянғали Әлімжанов, ал қоюшы режиссері - Ержан Қауланов. Спектакль басталмас бұрын С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында арнайы ғылыми-практикалық конференция да өтті. Бір сағаттқа созылған туындыны әріптесім Мағжан Амадина тамашалап қайтты.
Қойылым жас кездегі Құлекенің Сандық есімді қызбен танысуынан басталады. Аруды аюдан арашалап қалған батыр, бірден оған ғашық болып, оның бала күнінде өзіне атастырып қойған жары екенін тез түсінеді. Бірақ сыр білдірмейді. Кейін қыздың әкесіне жолығып, алдынан өтеді. Жастайынан жетім қалған Құлеке алғыр, мінезді әрі өжет болған.
Осындай тау тұлғаны сомдау талантты актер Тұрақ Дұрысбековке бұйырыпты. Ол Құлеке батырдың образына кіру оңай болған жоқ, әрі қойылымда оның жас кезінен қартайған шағына дейін толық ойнау қажет болды дейді.
ТҰРАҚ ДҰРЫСБЕКОВ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ:
- Құлеке батырлығымен қоса еларалық мәселелерді шешкен, дипломат, би болған. Орыс патшасымен жолыққан кезде Абылайхан Құлекені елші қылып жіберген. Сондықтан рөл оңай емес. Өйкені, тұлға ғой бұл кісілер. Сондықтан оны қалай ойнап шығасың, көрермен солай қабылдайды. Сол жағы қиын.
Қойылым көрермен көңілінен шықты. Өйткені, осыған дейін «Құлеке батыр» туралы туындылар сахналанбаған екен. Айта кетейік, шара тарихи тұлғаның 320 жылдығына орай ұйымдастырылған. Оның авторы ақын, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері - Баянғали Әлімжанов, ал қоюшы режиссері - Ержан Қауланов.
ЕРЖАН ҚАУЛАНОВ, РЕЖИССЕР, Ж.АЙМАУЫТОВ АТЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:
- Мен өзім бұрын осындай тарихи тұлғалар, батырлар туралы спектакль қойып көрмеген екенмін. Сосын ойланып, неге мен осындай атамыз, бабамыз туралы жұмысты жасамасқа деп шешім қабылдадым. Сөйтіп, осында келгеніме бір ай болды. Осы театр әртістерімен жұмыс жасап жатырмыз.
Спектакльде 25 әртіс ойнады. Қойылым соңында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан ықылас гүл шоғы берілді.