Жүргізуші куәлігін ала алмай жүрген солтүстікқазақстандықтар үшін жағымды жаңалық! Бүгіннен бастап мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысын қайта бастады. Естеріңізде болса, орталықтың жабдығы ескіріп, курсанттар практикалық емтихан тапсыра алмаған болатын. Жауаптылар керек құрылғыларды жаңасына ауыстырып, олқылықтың орнын толтырды. Нұрбол Балғабековтың бейнематериалына зер салайық.
Петропавлдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы 2014 жылы ашылған. Содан бері мұндағы жабдықтар мүлде ауыстырылмапты. Салдарынан 8 жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келген құрал-жабдықтартың тозығы жетіп, жиі істен шығып, жұмыс істемей қойған.
ЖӘНІБЕК ҚАМБАРОВ, МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ХҚКО ДИРЕКТОРЫ:
- «Бүгінгі күні ескі жабдықтар ауыстырылды. Нақтырақ айтатын болсақ, автодромда демонтаж жұмыстары жүргізіліп, көліктердегі GPS датчиктер жаңаланды. Енді барлығы спутник арқылы жұмыс істейді.»
Мамандардың сөзіне қарағанда мұнда күніне 70-ке жуық адам жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырады. Алайда, соңғы бір айда көлік құралын басқару жөніндегі арнайы растайтын құжатты алу мүмкін болмады. Енді орталық бүгіннен бастап қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.
- «Бұған дейін барлық жүйе істен шығып, жұмыс істемей қойған еді. Көп күтіп қалдым. Бүгін орталық жұмысын қайта бастайды деген ақпаратты естіп мұнда емтихан тапсыруға келдім. Барлығы жақсы істеп тұр.»
- «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Мұндағы персонал барлық қызметтерді көрсетіп жатыр. Ешқандай проблема туындап жатқан жоқ.»
Айта кетейік мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы мемлекеттік қызметтерді таңғы сағат 9-дан кешкі 18-00-ге дейін ұсынады.
Нұрбол Балғабеков